Димаш қатысқан «Singer» байқауында тағы бір қазақстандық әнші бақ сынайды

728

0

Фото: Facebook/Ертай Нүсіпжанов

Қазақстандық әнші, түрлі байқаулардың жеңімпазы Рухия Байдүкен Қытайдағы «Singer» ән байқауында бақ сынайды. Бұл жөнінде әншінің продюсері Ертай Нүсіпжанов мәлім етті.

«Араға 7 жыл уақыт салып «Singer» сахнасына қайта оралдық. Бұл жолы – Рухия. 4 жыл үзілістен кейін тағы да миллиондаған көрерменге жол тартқан аты әлемге әйгілі музыкалық тележоба биылғы мамыр айында басталды. Бұл маусымның басты ерекшелігінің бірі – жоба тікелей эфирде, Қытайда өтіп жатыр. Бағалау халықтың дауыс беруі негізінде болады», – деп жазды Е.Нүсіпжанов Facebook желісінде.

Рухия бүгін Қазақстан уақытымен сағат 17:00-де 8-кезеңде өнер көрсетеді. «Топ жару» статусымен келген шетелдік әншіге қойылған талап бойынша, Рухия алдыңғы 7-кезеңде үздік 4-ке енген әншілердің бірін таңдап, онымен жекпе-жек сайысқа түседі.

«Бағалаушы барша көрерменнің дауыс беру нәтижесінде жеңсе, келесі кезеңге өтеді. Ал жеңілсе біз үшін сайыс осы тұста аяқталады. Қалай болғанда да, бұл – үлкен еңбек, артыс-тартыспен келген жеңіс. Жеңіс дейтінім, үлкен сахнада тағы бір қазақ күллі әлемге өнер көрсетіп, қазақтың атын шығарады. Бұдан асқан жеңіс бар ма, сірә», – дейді продюсер.

Еске сала кетсек, 2017 жылы Димаш Құдайберген Қытайдың Хунань телеарнасының «Singer 2017» ән байқауына қатысып, екінші орынды жеңіп алды және әлемдік аренада танымал әншіге айналды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<