Дизель отыны тапшылығы үшін қызметінен босатылған бұрынғы энергетика вице-министрі «Қазмұнайгазда» жаңа қызметке тағайындалды

276

0

Фото: ашық дереккөз

2023 жылы сәуірде елдегі дизель отыны тапшылығына байланысты энергетика вице-министрі қызметінен босатылған Әсет Мағауов жаңа қызметке тағайындалды, деп хабарлайды Qandastar.kz kursiv.media сілтеме жасай отырып.

Яғни, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылық құрамы өзгерді. Басқарма төрағасының орынбасары қызметіне дәл осы бұрынғы энергетика вице-министрі келді.

Әсет Мағауов пен бірге ҚМГ басқарма төрағасының тағы бір орынбасары болып Бекзат Абайылданов тағайындалды.

Бұл ретте Әсет Мағауов мұнай өңдеу және мұнай химиясы, мұнай өңдеу зауыттарының қызметі мәселелеріне жетекшілік етпек.

Ал Бекзат Абайылданов мұнай және газ өндіру, геологиялық барлау бағытын басқарады.

Аталған азаматтар Қазақстанның мұнай-газ саласында бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан адамдар. Мәселен, Мағауов еңбек жолын 1994 жылы «Теңізмұнайгаз» АҚ-да экономист болып бастаған.

Әр жылдары энергетика вице-министрі, мұнай және газ вице-министрі болып жұмыс істеді. Сондай-ақ «Теңізшевройл» ЖШС бас директорының орынбасары, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры қызметін атқарды. «ҚазМұнайГаз» ҰК ЖАҚ басқарушы директоры, Мұнай-газ машиналарын жасауды дамытудың халықаралық орталығының бас директоры қызметтерін атқарды. 2019 жылы энергетика вице-министрі қызметіне келіп, 2023 жылы босатылды.

Ал Бекзат Абайылданов еңбек жолын «Өзенмұнайгаз» АҚ филиалының №1 мұнай-газ өндіру басқармасында оператор көмекшісі болып бастады. Әр жылдары «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары болды. «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры, «ҚазТрансГаз» АҚ басқарма төрағасының геологиялық барлау және өндіру жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. «Каспий Мұнай» АҚ бас директоры болды.

Еске сала кетсек, 2023 жылы сол кездегі вице-министр Мағауов жанар-жағармай бағасы біртіндеп көтерілетінін мәлімдеген еді. Сол тұста ол Қазақстанда жанармай бағасын ЕАЭО елдерімен теңестіруді ұсынған. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<