Ұлттық домбыра күніне орай Арал аудандық мәдениет орталығының ұйымдастыруымен Руханият орталығында «Ән мен күй, жырдың киесі, қасиетті қара домбыра» атты жыр кеші шымылдық түрді.
Сән-салтанаты келіскен мерекелік кеште алдымен ауданның өнерлі жастары қос ішектен күмбірлетіп күй төгіп, мың бұрала би биледі.
Мазмұнды шарада аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев сөз алып, жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.
– Құрметті жырсүйер ағайын! Баршаңызды ұлы мұрамызды ұлықтайтын – Ұлттық Домбыра күнімен құттықтаймын! «…Сымдай тартылған қос ішекте сан ғасырдың сан алуан сипаты ақыл-ойы, көңіл күйі жатыр. Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі», дейді қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор Ахмет Жұбанов. Бұл халқымыздың әдет-ғұрып, салт-санасымен біте-қайнасқан қасиетті домбыраға берілген лайықты әрі жоғары баға деп есептеймін. Шын мәнінде, қазақтың қара домбырасы – ұлтымыздың бойтұмары. Оның үні әрқайсымыздың жүрегімізге жақын. Атадан балаға аманат болған осындай асыл қазынамызды қадір тұту – бәріміздің қасиетті борышымыз. Ұлттық домбыра күні баршамызға құтты болсын! Еліміздің мерейі тасып, абыройы асқақтай берсін, – аудан әкімінің орынбасары Н.Бохаев.
Рухани тағылымға толы кеште Сыдықовтар жанұясы мен «Ұлағат» аспапты ардагерлер ансамбльі, Қазанғап атындағы халық аспаптар оркестрінің және мәдениет, өнер орталықтары ұжымына аудан әкімінің құттықтауы табысталды. Сонымен қатар қазақтың қара домбырасын жанына серік етіп келе жатқан бір топ өнерпаздар мен жас жыршыларға да аудан әкімінің мерекелік Құттықтауы табысталды.
Қазақтың қара домбырасымен сырлас болған жыр сүйер қауым бұл кеште кешегі Сыр сүлейлерінің сарқыты саналған Айбек Тәңірбергенов бастаған аудан жыршылары төгілтіп толғау, асыл сөздің қаймағын қалқып арнау арнады. Осылайша мерекелік жыр кешінен жиналған жұртшылық рухани тағылым алып тарқасты.
Арал ауданы әкімдігі






