1 наурыз – әлем бойынша халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды дата. Бұл күні азаматтық қорғаныс жүйесінің рөлі кеңінен насихатталып, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оған дайындық мәселелері қоғам назарында болады.
Азаматтық қорғаныс күнінің тарихы 1972 жылдың 1 наурызынан бастау алады. Дәл осы күні Халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымы құрылып, қауіп-қатерге қарсы халықаралық ынтымақтастықтың берік негізі қаланды. Содан бері азаматтық қорғаныс саласы жаһандық деңгейде дамып, мемлекеттердің табиғи және техногендік апаттарға бірлесе әрекет етуіне жол ашты. Атаулы күн қарсаңында облыстық ТЖД бастығының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров маңызды күннің мәнін кеңін насихаттап, атқарылған жұмыстармен бөлісті.
– Биылғы жылы Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні «Тұрақты және қауіпсіз болашақ үшін экологиялық тәуекелдерді басқару» ұранымен өтуде. Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні – халықты төтенше жағдайлардан қорғау жүйесінің маңызын арттыруға, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және азаматтардың дайындық деңгейін жетілдіруге бағытталған. Қазіргі таңда су тасқыны, орман өрттері, құрғақшылық, өндірістік апаттар сияқты қауіп-қатерлердің алдын алу үшін алдын ала жоспарлау, мониторинг және халықты оқыту жұмыстары күшейтілуде. Осы ретте тұрғындардың төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл алгоритмін білуі, алғашқы көмек көрсету дағдыларын меңгеруі және жеке қауіпсіздік ережелерін сақтауы – басты талаптардың бірі. Айтулы күн аясында өңірлерде оқу-жаттығулар ұйымдастырылады. Мұның барлығы қоғамның төтенше жағдайларға төзімділігін арттыруға және қауіпсіз өмір салтын қалыптастыруға бағытталған, – Бекболат Қайырбекұлы.






