ДӘУІРМЕН ҮНДЕС ДРАМАТУРГИЯ

364

0

ДӘУІРМЕН ҮНДЕС ДРАМАТУРГИЯ Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада белгілі  жазушы-драма­тург, аудармашы, сыншы, қоғам  қайраткері, Сыр перзенті Қалтай Мұхамеджановтың  90  жылдығына  арналған  «Сөз зергері, сын мергені»  атты   әдеби  кеш ұйымдастырылды.

Қ.Мұхамеджановтың  әр кезеңнің тарихи шындығын тап басып, қоғам­дық мүддені биік деңгейде көтере білген көркем туындылары – қазіргі  қазақ  драматургиясы  мен театрындағы  бірегей құбылыстар  санатынан  орын  алатыны сөзсіз. Мұның  өзі  оның  қазақтың  сахна  өнерінің, мәдениетінің  төріндегі орнын  айқын  көрсетеді.  

Кеште жазушының сан-салалы шығармашылығына, қоғамдық-әлеу­меттік  тақырыптарға  жазған  мақалалары  мен  сыни  пікірлеріне, шынайы  көзқарасы  мен  азаматтық  позициясына  шолу  жасалды. Студенттер  драматург-жазушының  пьесаларынан  қойылымдар  көрсетті.

Мәдени  шараға  Қорқыт ата  атындағы  Қызылорда мемлекеттік  универ­ситеттің профессоры, Қ.Мұхамеджанов кітапханасының ғылыми кеңесшісі Қ.Құдайбергенов, ардагер журналист Қ.Мырзахметов,  Қ.Мұхамеджановтың   туысқан  інісі  С.Мұхамеджанов  қатысып, шығармашылық иесінің сан-салалы өмір жолынан қызықты естеліктер айтты.

Қорқыт ата атындағы ҚМУ студенттері Қ.Мұхамеджановтың драмаларынан үзінділер қойса, М.Мәметова  атындағы    Қызылорда педагогикалық  жоғары колледжінің, көпсалалы «Ұлағат» колледжінің студенттері, «Жауһазын-ғұмыр» клубының  мүшелері тағылымы мол тамаша кештен әдемі әсер алғанын айтады.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<