Бүгін Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында дзюдодан 2009-2010 жылы туылған жасөспірімдер арасында «Абзал және К» жүлдесіне арналған республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті.
Он төртінші мәрте ұйымдастырылған дүбірлі додаға еліміздің әр аймағынан келген 350-ден астам спортшы 17 салмақ дәрежесінде бақ сынаспақ.
Шараның ашылуына Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы, Сырдария ауданының әкімі Берік Әбдіғаппарұлы және «Абзал және К» толық серіктестігінің директоры Мағжан Ералиев қатысып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.

Өз кезегінде басқарма басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы дәстүрге жалғасқан байрақты бәсекенің ашылуымен құттықтап, чемпиондардың ізін жалғайтын жас спортшылар дәл осы алаңда шыңдалып шығатынына сенім білдірді.
– «Абзал және К» компаниясының қолдауымен он төртінші мәрте жалауы желбіреген бұл бәсеке – еліміздегі жас спортшылардың шеберлігін шыңдайтын үлкен мүмкіндік. Тиісінше, осындай додалардың жиі ұйымдастырылуы жастар арасында дзюдо спортының кеңінен дамуына септігін тигізеді деп білемін. Спорт – тек жарыс емес, бұл – тәрбие құралы. Сондықтан бүгінгі жарыста бақ сынайтын әрбір жас спортшыға сәттілік тілеймін, – деді басқарма басшысы.
Екі күнге созылатын дәстүрлі жарыста үздік атанған спортшылар қаржылай сыйақы және алғыс хаттармен марапатталатын болады.
Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы






