Дзюдодан Ілияс Қабыловты еске алуға арналған халықаралық турнир басталды

7

0

Фото: Сыр спорты

Бүгін Қызылорда қаласындағы «Евразия» спорт кешенінде ҚР Тәуелсіздік күніне орай мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Қабыловты еске алуға арналған дзюдодан 2009-2010 жылы туылған жасөспірімдер арасында халықаралық турнирдің ашылу салтанаты өтті.

Ашылу рәсіміне облыстық мәслихат депутаты, облыстық дзюдо федерациясының президенті, “Ауыл” партиясының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Садық Мұстафа, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бөлім басшысы Сағидат Бертай, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми практикалық дене шынықтыру орталығының жетекші-сарапшысы Нұрсұлтан Бекмұратұлы, «Мейірім құшағы» әйел-бала отбасы жөніндегі облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Динара Ибадуллаева және Қырғызстан елі, Ош қаласының дзюдо федерациясының президенті Тимур Сатиев қатысты.

Ілияс Қабылов – Сырдан шыққан көрнекті публицист, әдеби сыншы, философ. Ол қазақ мәдениеті мен әдебиетінде қайталанбас туындыларды жарыққа шығарып, ұлттық мазмұнды ұштастыра білген бірегей тұлға. Биыл мемлекет және қоғам қайраткерінің құрметіне арналған дәстүрлі турнир 10-шы мәрте ұйымдастырылуда.

Салтанатты шарада құрметті қонақтар барша жарыс қатысушыларына құттықтау сөз сөйлеп, сәттілік пен шынайы жеңіс тіледі. Одан кейін Қырғызстан елінен арнайы келген Тимур Сатиевке қазақтың дәстүріне сай құрмет көрсетіліп, сый-сияпат табысталды. Өз кезегінде құрметті қонағымыз өз ризашылығын білдіріп, Қырғызстан елінің жұртшылығы атынан естелік сыйлық табыстады.

Тәуелсіздік мерекесіне орай салтанатты шара соңында спортшылар, құрметті қонақтар және қадірлі көрермендер бір мезетте көк Туымызды желбіретіп, патриоттық ән шырқады.

Айта кетейік, мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Қабыловты еске алуға арналған халықаралық турнирге Қырғызстан елінен және еліміздің әр аймағынан 10 команда, 400-ге жуық спортшы үш күн бойы 16 салмақ дәрежесінде боз кілемде белдесетін болады. Жарыс жеңімпаздары арнайы Алғыс хат және медальдармен марапатталады.

Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы