2019 жылдың алғашқы 5 айында 36,5 млн тонна мұнай мен конденсат өндірілді. Бұл 5 айға қойылған жоспардан 101% жоғары, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, үш ірі жоба бойынша мұнай өндіру көлемі 21,7 млн тоннаны құрады. Оның ішінде Қашағанда – 4,24 млн тонна, Теңізде – 12,48 млн тонна және Қарашығанақта – 4,97 млн тонна мұнай өндірілген.
«Жалпы алғанда, биылғы мұнай өндіру жоспары орындалады. Мұнай экспортының көлемі 29,1 млн тоннаға жетті. Бұл – 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 95,4% артық. Ал, мұнай өңдеу көлемі шамамен 6,7 млн тоннаны құрады. 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,1% жоғары. Өндірілген мұнай өнімдерінің көлемі 5,07 млн тоннаны құрайды. Бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14% жоғары», – деді Қанат Бозымбаев ҚР Үкіметі отырысында.
Жалпы, мұнай өнімдері нарығындағы жағдай тұрақты. Жанар-жағармай тапшылығы жоқ.
«5 маусымдағы жағдай бойынша, Аи-92 маркалы бензиннің орташа бағасы: бір литріне – 148,7 теңге, ал маусымаралық дизель отынының бағасы – 192 теңге. Сонымен қатар, Aи-92 маркалы бензин бағасының төмендегені байқалады. Мәселен, Аи-92 маркалы бензинге ең төменгі баға Батыс Қазақстан облысында – 139 теңге болса, дизель отынға ең төменгі баға Түркістан облысында – 175 теңге», – деді министр.





