ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова зейнетақы қорына көбірек ақша жинауға кеңес берді. Себебі минималды жалақымен зейнеткерлікке шыққандар ай сайын 30-40 мыңнан артық алмайды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өкінішке қарай, бүгінде кейбір жұмыс берушілер зейнетақы жарналарын аудармайды. Ал жұмысшылар оны сұрамайды да, өз болашағын ойламайды. Ондай адамдар зейнетақы қорына жарна аудармаса, ақша жинамаса, мемлекеттен зейнетақы алады. Бірақ оның мөлшері көп емес, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 проценті ғана, ол, шамамен, 14 мың теңге», – деді С.Жақыпова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында. Вице-министр минималды жалақыдан зейнетақы жарнасын төлеп, зейнеткерлікке шыққан азаматтардың ақшасын да есептеп берді. Мәселен, жұмысшының келісімшартында бір минималды жалақыдан (28 284 теңге – биылғы көрсеткіш) зейнетақы жарнасын аудару туралы жазылса, онда ай сайын зейнетақы қорына 2 824 теңге түсіп тұрады. 33 жылда 1 118 304 теңге жиналады. Мемлекет ол адамның зейнетақы жинақтау жүйесіне қатысқанын ескере отырып, базалық зейнетақының толық мөлшерін – 28 мың теңгені төлеп отырады. «Сонда он жылда бюджеттен 3 миллионнан астам ақша бөлінеді. Ал оның өзі жинаған ақшаның көлемі 1 миллионның шамасында. Сонда мемлекет xалықты тонап отыр ма? Жоқ, әлде, керісінше, жағдай жасап отыр ма?», – деп атап өтті С.Жақыпова. Оның сөзіне қарағанда, базалық зейнетақымен бірге қорға жинаған ақша да ай сайын төленіп отырады. 33 жылдың ішінде қордағы ақшаның үстіне сыйақы да түседі. Ал оның мөлшері инфляцияның деңгейіне қарай реттеліп отырады. Оған мемлекеттің өзі кепілдік береді. Айта кетейік, бүгінгі баспасөз мәслиxатында Светлана Қабыкенқызы зейнетақы төлемдерін аудару тәртібін түсіндірді. «Қазір әлеуметтік желілерде қарасам, «көлік пен пәтер сатудан зейнетақы жарнасын ұстайды» деп жазып жатыр. Олай емес. Ондай табыстан зейнетақы жарналары ұсталмайды. Сіздер жұмыс істеу немесе қызмет көрсету арқылы табыс тапсаңыз ғана зейнетақы жарнасы ұсталады. Қазір жұмыс берушілер ондай келісімшарттарды жасайды да, зейнетақы жарналарын төлемей жүреді», – деді С.Жақыпова.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<