23 маусым – Мемлекеттік қызметші күні қарсаңында республика бойынша алғаш рет Қызылорда облысының ең үздік әдеп жөніндегі уәкілдерін анықтаған байқау қорытындыланды.
Байқаудың мақсаты – әдеп жөніндегі уәкіл туралы оң қоғамдық пікір қалыптастыру, олардың қызметін жетілдіруді ынталандыру жәнеӘдеп жөніндегі уәкілдердің рейтингін құру болып отыр.
2 номинациядан 2 кезеңнен тұрған облыстық байқауға мемлекеттік қызметшілермен Әдеп кодексі нормаларының қатаң сақталуын қадағалайтын, оларға бағыт-бағдар беретін облыс көлеміндегі 30 әдеп жөніндегі уәкіл қатысты.
Үздік уәкілді анықтау үшін мемлекеттік қызмет органдарынан, саяси партиялардан, кәсіподақ комитеттерінен және БАҚ өкілдерінен жасақталған арнайы комиссия жұмыс жасап, үміткерлердің өтінімдерін сараптаудан өткізді. Комиссия мүшелері уәкілдердің қызметі жөніндегі есептерімен танысып, мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептік құндылықтарын дамытуға қосқан үлесіне баса назар аударды.
Байқау қорытындысы бойынша «Жергілікті атқару органының үздік әдеп жөніндегі уәкілі» номинациясын Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Тажмаханов Жағыппар иеленсе, «Орталық мемлекеттік органның үздік әдеп жөніндегі уәкілі» номинациясына облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Ақжігіт Базархан лайық деп танылды.
Байқау жеңімпаздары – үздік уәкілдерге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Абзал Мұхимов арнайы диплом мен Қызылорда облысының энциклопедиясын табыстады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<