Нақты кезеңде қолына ине-жіп ұстап, іс тігетін жанға кәсіп те баршылық. Солардың бірі – Жалағаш ауданына аты кеңінен танымал «Талапкер» ЖШС директоры, кәсіпкер Раушан Ақышева.
Әйел – отбасының ұйтқысы, шаңырақтың берекесі ғана емес, шаруашылықтың қай саласында болсын, өзінің лайықты бағасын алып жүрген еңбеккер.
Бүгінгі қоғамдағы шаруашылықтың қай-қайсысында болсын әйел қолының таңбасы барына сүйсінесің. Әлбетте, бұл – жаңа заман талаптарының көрінісі. Әйелдердің қабілеті мен қарымы, ой-өрісі мен іскерлігі, еңбекқорлығы мен таланттылығы қашаннан жоғары бағаланады. Қай істі болсын ұршықша иіріп әкететін әйелдердің тындырымдылығы, тиянақтылығы мен ұқыптылығы өз алдына, жаңа заманға бейімделгіштігі мен ізденгіштігі де қадірін еселей түскендей. Нәзік жандылардың іскерлігі өздері қолға алған істен көрініс табады.
Олар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, өркениетті ел болуы жолында еңбек етіп, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүр. Жалағаш ауданында да әртүрлі кәсіп көзін ашып, еңбегімен ел ықыласына бөленіп отырған аналардың бірі осы «Талапкер» ЖШС директоры, кәсіпкер Раушан Ақышева дер едік.
Ол 1982 жылы Апматы қаласындағы жеңіл өнеркәсіп техникумын технолог мамандығы бойынша бітіріп, осы салада технолог, цех меңгерушісі, инженер қызметіне дейінгі баспалдақтардан өтті. Уақыт өте «Талапкер» ЖШС 1995 жылы жеке кәсіпорын болып құрылған кезден бастап басшылық тізгінді өз қолына алған Раушан Ақышева халық сұранысына сай жұмыс жүргізіп келеді.
– Әрине, алғашқы жылдары мекеме аяғынан тұрып кету үшін біршама қиындықтарға жолықтық, бірақ ұжыммен бірлесе күресе жүріп, мекемені тұрақты бір жолға қойдық. Бейнетсіз ештеңе де болмайды. Бірақ бізді осы қиын кезеңдерден алып шыққан қалайда халыққа қызмет көрсетіп, ел үдесінен шығамыз деген сенім мен алға қойған үлкен мақсатымыз болды. Қазіргі таңда біздегі тігін машиналарының барлығы заманауи үлгімен жабдықталған. Алдағы уақытта кәсіп көлемін кеңейтіп, тағы да тұрмыстық қызмет түрлерін қоспақпыз, – дейді серіктестік директоры Р.Ақышева.
Бүгінде «Талапкер» ЖШС мекемесінде 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Оның ішінде тігіншілер, әсіресе осы салада ұзақ жыл еңбек атқарған тәжірибелі мамандар бар. Мекемеде талаптарға сай етіп жасалған киім үлгісінің барлық түрлерін сәнді етіп тігу, заманауи үлгідегі жалюз түрлерін, тұрмысқа қажетті басқа да өнімдерді дайындау цехтары қазіргі таңда халыққа сапалы қызмет көрсетіп келеді.
Тігін шеберханасына кірсеңіз қайнаған тынымсыз еңбектің үстінен шығасыз. Зырылдаған тігін машиналарында көз ілеспес қимылмен қозғалған қаншама нәзік саусақтар осындағы қыз-келіншектердің шеберлігін паш етіп жатқандай. «Адам көркі-шүберек» дейді, әлгі он саусағынан өнер тамған кәнігі хас шеберлер, шүберекке ою ойып, жан бітіріп, тіршілікке мән, адамзатқа әрберетін өмір өрнегін жасап жатыр. Міне осындағы нақышты ұлттық үлгідегі киімдер көздің жауын алатын қазіргі заман талабына сұранған сан алуан сән киімдері осы сиқырлы қол, бал бармақ шеберлердің қолынан шыққан.
– Бізде 20-25 жылдан бері тігінші болып келе жатқан С.Қарабаева, Г.Досманова және басқа да қызметкерлер сұраныс берушілермен тікелей жұмыс жасап, көңілінен шығатын киімдерді өлшеп-пішу және тігумен айналысады. Киім тігуге құлшыныс танытып, арнайы оқып жүрген жас студенттер тәжірибе жинап, ұлттық құрақ көрпеше, ұлттық ою ойылған киімдер тігуді үйретіп шеберлігін шыңдап жатырмыз, – дейді серіктестік басшысы.
«Талапкер» ЖШС жылдан-жылға өндірген өнімін және халыққа қызмет көрсету сапасын өсіруде. Аудандық аурухана, мектептер мен балабақшалар тағы басқа мекемелермен келісім шарт жасасып, сапалы жұмыс жасап келеді. Осындай тынымсыз еңбек етіп жүріп, бұл ұжым толағай табыстар мен үлкен жетістіктерге қол жеткізді.
Атап айтар болсақ, 1998 жылы «Астана» медалімен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен, Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет» Грамотасымен, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының бұрынғы қоршаған ортаны қорғау министрі Айткүл Самақованың «Әйел басқарған үздік мекеме» және Қызылорда облысы әкімінің «Жылдың үздік кәсіпкері» дипломдарымен марапатталды.
Бұған қоса, 2002 жылдан бастап үш жыл қатарынан бірінші орын иеленіп, облыс әкімінің 2006 жылғы «Қазақстан үздік тауарлары» байқауының Алғыс хатын алды. Ауданда түрлі іс-шараларға демеуші ретінде белсене қатысқаны үшін аудан әкімінің 2000 жылғы «Үздік демеуші» ретінде марапатталған. Бұл әйел заты үшін біраз қажыр-қайрат көрсетіп, табандылық танытып, төзімділік талап ететін үлкен еңбекпен жететін жетістіктер.
Ал 2007 жылы «Талапкердің» абыройын тағы бір үлкен жетістік асқақтатты. Сол уақытта облысты басқарған М.Құл-Мұхаммедтің қатысуымен шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін одан әрі дамыту және ынталандыру мақсатында «Алтын сапа» және “Қызылорда облысында шағын кәсіпкерлікті дамыту саласындағы жетістіктері үшін» көрме-конкурсы болып өтті. Осы аталған көрме-конкурсқа Жалағаш ауданынан 8 кәсіпкер қатысқан еді. Солардың ішінен Р.Ақышева 2007 жылдың «Үздік әйел кәсіпкері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, арнайы диплом иеленді.
Астана қаласында өткен республикалық «Алтын сапа» байқауынан жүлделі оралып, «Үздік кәсіпкер» номинациясымен марапатталған. Міне, жаны нәзік, болмысынан ибасы мен ізеті сезіліп тұрар қазақ қыздары кейбір ер-азаматтарымыздың қолынан келе бермейтін, келсе де төзімділігі жетпейтін істі ұршықша иіріп жүр.
Нұрсұлтан Қазбеков
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<