ЕҢБЕК ЕТПЕЙ ЕЛГЕ ӨКПЕЛЕМЕ…

719

0

ЕҢБЕК ЕТПЕЙ ЕЛГЕ ӨКПЕЛЕМЕ... Сіз зейнетке шығу турасында ойландыңыз ба? Біз көбіне құрметті демалыс тақағанда не несие аларда зейнетақыны еске алады екенбіз. Құжаттар мен заңдар сол кезде керек. Бірақ қарттықты жастық шақта ойласаңыз ескеретін мәселе көп. Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының филиалы ашық есік күнін өткізіп, сауалы бар әрбір жанды төрге оздырып, зейнетақы заңнамасына енгізілген өзгерістерді түсіндіріп берді. 

Бүгінгі күнге дейін еңбек өтілі мен табысы болмаған күннің өзінде зейнет жасына жеткендерге 14 466 мың теңгеден беріліп келді. Міне, бұл базалық деңгейдегі зейнетақы. Осыған дейін барлық адамға ортақ базалық зейнетақы тағайындалып келді, 40 жылдық еңбек өтілі болса да бәріне бірдей еді. Енді 2018 жылдың шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне қарай есептелетін болады. Жалпы, зейнетақы жүйесінің құрылымы қандай?

Бірінші бөлігі еңбек зейнетақысы, ол сондай-ақ ортақ зейнетақы деп аталады.

Екінші бөлігі базалық зейнетақы, оны халық президенттік зейнетақы деп те атайды. Ол барлық зейнеткерлерге бірдей мөлшерде төленеді. 2018 жылдың 1 шілдесінен  бастап базалық зейнетақы мөлшері еңбек өтілінен және жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қамтылу мерзіміне байланысты есептеледі. Ол зейнетақының екеуін де азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы төлейді.

 Үшінші бөлігі жинақтаушы зейнетақы. Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорында рәсімделеді. Ол міндетті зейнетақы жарналардан: міндетті кәсіптік зейнетақы жарналардан және ерікті зейнетақы жарналардан құрылады. Міндетті зейнетақы жарналарын жұмыс беруші жұмыскердің ай сайынғы табысынан 10 процент көлемінде қорға аударып отырады. Ал егер еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарды істесеңіз, сізге міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы беріледі. Оны жұмыс беруші жұмыскердің ай сайынғы табысының 5 процент мөлшерінде өз есебінен аударып отырады. Зейнетақы жинақтарын ерікті жарналар төлеу арқылы көбейтуге болады. Неғұрлым көбірек қаржы жинасаңыз, соғұрлым көп зейнетақы аласыз.

«Зейнетақы туралы ерте бастан ойлану керек. Бұл болашақта алатын зейнетақыны арттыру жолдарын қазірден ойластыруға мүмкіндік береді», − дейді филиал директоры Арнұр Құрманғали. Кейбір тұрғындар айлық табысы бола тұра зейнетақы қорына келіп счет ашпайды екен. Ол болашақта өзіне зиян. Жаңа заңнамаға сәйкес мемлекет базалық немесе ортақ зейнетақы төлегенімен, бұрынғыдай жалпыға бірдей сома емес. Қорға жинақталған қаржының мөлшеріне орай зейнетақы тағайындалады.

Тұрғындар нені ескермейді? Жұмысқа тұрар алдында келісімшартты дұрыс қарамайды, есесіне жұмыс беруші салық төлемеу үшін зейнетақыға қаржы аудармайды. Ал тұрғындар ай сайын алатын айлықты қанағат тұтып, зейнетақыны ескермейді. Мұны кейде бірнеше жылдан кейін бір ақ біледі. Бірақ не пайда?  Келісімшартта зейнетақы туралы айтылмаған. Кейбір жұмыс берушілер үш айда не алты айда қаржы аударады. Мұның бәрі зейнетақы жүйесінде тіркеледі. Ай сайын аударылса он екі айлық еңбек өтілі, егер жылына үш рет қаржы аударылса, үш айлық еңбек өтілі болып есептеледі. Он екі ай көп пе, үш ай көп пе?

Заңнамадағы тағы бір өзгеріс, бұрын зейнетақы жинағы салымшының қалауына қарай ай сайын, тоқсан сайын немесе жылына бір рет берілетін. Көптеген тұрғындар 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін біржола қомақты қаржы алды. Енді 2018 жылдан бастап жинақталған ақша сомасы ай сайын бөлініп төленеді.

Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап әйел азаматтардың зейнеткерлікке шығу жасы жарты жылға ұзарды. Бұл өзгеріс 58,5 жаспен тоқтамайды, кезең-кезеңмен ұлғаятын болады. Есесіне қордағы зейнетақы жинақтарының көлемі ұлғаяды.

 

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<