Еңбекке жарамсыздық парақшасының жалғандығын QR-код әшкерелей алады

285

0

Қазақстанда еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақшаларға QR-кодтар енгізілуде. Ендігіде жұмыс берушілер парақшалардың түпнұсқалығын өздері тексере алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұған дейін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында еңбекке жарамсыздық парақшаларына QR-код енгізу жобасы Астанада таныстырылған болатын. Оны қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы «Астана Innovations» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асыруда.
 Енді Астанамен қатар аталмыш парақшалардың түпнұсқалығын еліміздің бар аумағында тексеруге болады. QR-кодтар жалған құжаттардың жолын кесу мақсатында қолға алынған.
Егер медициналық құжат расымен тіркелген болса, онда жүйе кодтың жеке нөмірін және сырқат туралы мәліметті көрсетеді.
«Аурухана парақшасына QR-код енгізу жүйесі еліміздің барлық аймағында қолжетімді. Кез келген адам «Smart Astana» қосымшасын жүктеу арқылы QR-кодты оқи алады. Ол үшін қосымшаға кіріп, QR-кодты енгізу керек. Бұдан кейін телефоннан барлық ақпаратты көре аласыз», – деп келтіреді «Астана Innovations» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Алмаз Амирзиновтің сөзін елорда әкімдігінің сайты.
Бұдан бөлек, елордадағы медициналық мекемелердің кабинеттеріне QR-коды бар жапсырмалар іліне бастады. Бұл, науқасты қабылдап отырған дәрігер туралы мәлімет алуға, оның атына алғыс немесе шағым қалдыруға мүмкіндік береді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<