Егін көлемі әлі де нақтыланады

7

0

Фото: Облыс әкімдігі

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде көктемгі егіске дайындық мәселелері қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысып, баяндама жасады.

– Биыл Қызылорда облы­сында 185800 гектарға ауыл ша­руа­­­шылығы дақылдарын егу жос­парланған. Мем­ле­кет бас­шысының суды көп қажет ететін дақылдар көлемін оңтай­ландыру тапсырмасына сәйкес, күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10 900 гектарға азайтылды. Осылайша, соңғы төрт жылда күріш көлемі 19 мың гектарға немесе 21%-ға қысқарды.

Оның орнына егісті әртарап­тандыру мақсатында суды аз қажет ететін дақылдар егу көз­делуде. Су ресурстарын тиімді пайдалану, шығынды азайту үшін үнемдеу технологиялары кеңінен енгізілуде. Өткен жылы тамшылатып, жаң­бырлатып суару әдісімен 8 100 гектар егін егілсе, биыл

16700 гектарға жеткізу ме­же­­ленген. Оған қоса 60 мың гек­тар күріш алқаптары лазерлік тегіс­теуден өткізілді. Биыл бұл көрсеткіш 65 мың гектарға жеткізіледі.

Бүгінде шаруашылықтар тұқым­мен 100 пайыз қамтамасыз етілді. Қажетті 65600 тонна тыңайтқыштың 18500 тоннасы сатып алынды. Егін егуге қатысатын 3975 ауыл шаруа­шылығы техникасының 90 пайызы жөндеуден өткізілді. Қалғаны 1 нау­рызға дейін толық дайын болады. Энергетика ми­нистрлігі көктемгі егіске 10 100 тонна дизель бөлді. Ол шаруаларға кестеге сәйкес таратылады.

Ерте егілетін дақылдар наурыз айының бірінші онкүндігінде се­бі­леді, күріш егісі сәуір айының үшінші онкүндігінде бас­талады. Жос­парланған егіс көлемі Мем­лекет­аралық су шаруашылығын үй­лес­тіру комиссиясы отырысынан кейін қайта нақтыланады, – деді аймақ басшысы.

Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте осы және өзге де мәселелер жан-жақты талқыланып, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.

Қазіргі таңда су ресурстарының тапшылығы жаһандық деңгейдегі ең өзекті мәселелердің біріне айналғаны белгілі. Мемлекет басшысы су ресурстарын тиімді пайдалану, үнемдеу технологияларын енгізу және су жүйелерін цифрландыру жұмыстарына ерекше мән береді.

– Су лимитіне сәйкес жос­парланған көлемнен артық бірде-бір гектар жерге егін егілмеуі тиіс. Бұл мәселені қатаң бақылауға алу қажет, себебі ол Үкіметтің ерекше назарында. Судың магистральді және шаруашылықаралық канал­дар арқылы егіс алқаптарына жет­кізілуіне, ауыспалы егіс тәртібінің сақталуына тұрақты мониторинг ұйымдастырылсын, – деді Н.Нәлібаев.

Аймақ басшысы көктемгі мұз жүру кезінде су алу қаупі бар тұстардағы қауіп­сіздік шараларын күшейтуді, Қармақшы, Қазалы және Арал аудандарының әкім­дік­теріне облыстық төтенше жағ­дайлар департаментімен және «Қазсушар» Қы­зылорда филиалымен бірлесіп, өзен арнасына тәулік бойы кезекшілік ұйым­дастыруды, мұздың өту барысын тұрақты бақылауды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі