Егін жинау науқаны жалғасып жатыр

502

0

Бүгінде өңірде күзгі егін жинау науқаны қызу жүруде. Ал осы жылы ерте егілген ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау жұмыстары толық аяқталды.

Нақтырақ айтқанда, күздік бидайдан – 7.0 мың тонна, жаздық бидайдан – 3,2 мың тонна, арпадан – 209 тонна өнім жиналды. Ал егілген күріштің 63,1 мың гектары орылып, 285,3 мың тонна Сыр салысы қамбаға құйылды. Бұл жөнінде Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаев хабарлады.

– Биыл облыста барлығы 193,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, былтырғы жылмен салыстырғанда 4,8 мың гектарға ұлғайды. Ал негізгі дақыл күріштің көлемі – 89,0 мың гектарды құрап отыр. Сондай-ақ, өңірімізде егіс көлемдерін әртараптандыру бағытындағы жұмыстар да белсенді жүргізілді. Нәтижесінде, егілген картоптың 3,8 мың гектарынан 200,4 центнер өнім жиналса, көкөністің 6,4 мың гектарынан 223,4 центнер, бақша өнімдерінен 257,8 центнер алынды. Ал күріш егісінің суын байлау жұмыстары бүгінде толықтай аяқталды. Жалпы егілген күріштің 63,1 мың гектары орылып, оның 53,4 мың гектары бастырылған болатын. Нәтижесінде 285,3 мың тонна күріш өнімі жиналды. Бұдан бөлек, майлы дақылдар бойынша егілген мақсарыдан 4,5 мың тонна, ал соядан 112 тонна, күнбағыстан 195,5 тонна өнім алынды. Қазіргі таңда мал азықтық дақылдарын жинау жұмыстары да жалғасуда. Дегенмен, облыс бойынша барлығы 278,2 мың тонна жоңышқа шөбі жиналды, – деді Қайратбек Әубәкірұлы.

Айта кетейік, егін жинау жұмыстары 10 қазанға дейін жалғаспақ.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<