Егінші – мәрт, жер – жомарт

20

0

Жыл сайын мемлекет та­ра­пынан аграрлық саланы қол­дау­ға қомақты қаржы бөлініп ке­леді. Мәселен, 2025 жыл өңірдің ауыл шаруашылығында 211,5 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім көрсеткіші 1,9 пайызға арт­ты. Саланың негізгі қорына са­лын­ған инвестиция 44,9 па­йыз­ға өсті. Облыс бойынша 189,6 мың гектар жерге ауыл ша­руа­­шылығы дақылдары егіл­се, оның ішінде күріш көлемі – 80,9 мың гектар.

Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес, жылдан жылға суды көп қажет ететін дақылдар көлемі азайтылды. Өткен жылмен салыстырғанда 2025 жылы күріш 4,7 мың гек­тарға аз егілді. Су ресурс­тарын тиімді пайдалану үшін егістік жерлерді лазерлік тегістеу нә­тижесін берді. Сол арқылы ди­қандар 60 мың гектар күріш ал­қабында осы әдіс арқылы суды 20 пайызға үнемдеді. Сала мамандары енді оны 65 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отыр. Ал 2028 жылға дейін ол толығымен тегістеледі. Өңірде тамшылатып, жаңбырлатып суа­ру әдісімен егілген егін 8,1 мың гектарға жеткізілді. Атап өтер­лігі, бұл көрсеткіш 2024 жыл­мен салыстырғанда 2 есе жоғары. Бұл бағытта Шиелі, Қазалы, Арал аудандарында шет­елдік компаниялардың қа­ты­суымен 3 ірі жоба жүзеге асы­рылып, тамшылатып, жаң­быр­­латып суару әдісімен жү­гері, жо­ңышқа дақылдары егі­лу­де.

Президент тапсырмасына сәйкес облыстың ауыл шаруа­шы­лығын әртараптан­дырып, су үнемдеу технологиясын ке­ңі­нен енгізуге бағытталған мем­ле­кеттік қолдау шарала­ры­на алдағы 3 жылға 34 млрд тең­геден астам қаржы қарас­тырыл­ды. Оның ішінде келесі жылға су үнемдеу техноло­гияларын мем­лекеттік қолдауға 10 млрд теңге бөлінді.

Облыста мемлекет тарапы­нан ұсынылған мүмкіндік­тер­ді барынша тиімді пайдала­нып, бәсекеге қабілетті агроөнер­кә­сіп кешенін құру, саланы әрта­раптандыру бағытында бірқатар жобаларға мән берілді. Атап айтқанда, өңірде құны 40 млрд теңгеге жүгеріні терең өндеуге бағытталған Қызылорда крах­мал-сірне зауыты жобасы жүзеге асырылуда. Ол 2025-2029 жылдар аралығында екі ке­зеңде іске қосылады. Алғаш­қы кезеңде кептіру кешенінің құрылысы жүргізілсе, екінші кезеңде жүгеріні терең өңдейтін зауыт бой көтереді. Зауыт тәу­лігіне 1200 тонна жүгері дәнін кептіріп, 30 мың тонналық сақ­тау қоймасы салынады. Бүгінгі күні зауыт құрылысы үшін 35 гектар жер телімі табысталып, 10 мың гектар жерге дән жүгері дақылын егуге шаруалармен келісім жасалған.

Сондай-ақ егісті әртарап­тан­­дыру, күрішті оңтайлан­дыру мақсатында швейцариялық «Хар­вест Груп» компаниясымен бірлесіп, құны 51 млрд теңгеге техникалық қарасора, жүгері және соя өсіріледі. Бұл жоба ая­сында 21 мың гектарға егін егіліп, терең өндейтін агроин­дуст­риялық кластер құру жос­пар­ланып отыр.

Аймақта мал шаруашылы­ғын дамытуға жасалған қол­дау­дың нәтижесінде төрт түлік мал басы өсіп, өнім өндіру тұрақты ұлғаюда. Биыл Жаңақорған ау­данында қуаттылығы жылы­на 5000 басты құрайтын «Қо­жамберді батыр» ЖШС мал сою және ет экспорттау орта­лығы іске қосылды. Аталған се­ріктестік Түркия мемлеке­тімен 1000 тонна ет өнімдерін экс­порттауға келісімшарт жа­сады. Бұдан бөлек, сүт бағы­ты бойынша «Қызылорда Құры­лыс НК» ЖШС-ның жалпы құ­ны 7,5 млрд теңгені құрайтын «Қызылорда қаласында 800 басқа арналған тауарлы-сүт фер­­масын құру» жобасы жүзеге асты.

Өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті де артып келеді. Статистикалық мәліметтер бойынша 2025 жыл­дың 1 қазанына облыстан 32 млн долларды құрайтын 68,7 мың тонна ауыл шаруашылығы өнім­дері экспортталып, әлемнің 17 мемлекетіне жол тартты. Олар­дың қатарында күріш, ба­лық өнімдері, қамыс, күріш қал­дығы, қызанақ, қауын, қарбыз өнімі бар. Барлық экспортталған өнімнің 88,3 пайызын күріш өнімі құрайды. Сырдың дара дақылына Ресей, Беларусь, Қыр­ғызстан, Тәжікстан, Украина, Әзербайжан, Өзбекстан, Гру­зия, Моңғолия және Ирак мем­ле­кеттерінен тапсырыс түсіп отыр.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»