Қызылорда облысының Қармақшы ауданында өз денсаулығының дімкәстігіне қарамастан, екі баланы судан құтқарып, кейіннен өмірден өткен Егеубай Елпановтың ата-анасына ведомстволық медаль табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқиға биылғы жылдың маусым айында болды. Денсаулығына байланысты таза ауада серуендеп жүрген Е.Елпанов дария аумағынан балалардың жанұшыра айғайлаған дауысын естиді. Ол ешбір ойланбастан су бетіне бірде шығып, бірде батқан екі баланы құтқаруға асықты. Алғашқы сүңгігенде олардың біреуін таба алмаған. Тағы бір мәрте әрекет еткенде судың терең тұсынан бір бала қолына ілікті. Екіншісі Егеубайдың беліне жармасты. Осылайша ол екі баланы аман-есен жағалауға алып шықты. Су жұтқан олардың біреуіне алғашқы көмек көрсеткен.
«Сол сәтте Егеубайдың денсаулығы қайтадан сыр бере бастаған. Арада үш күн өткенде екі бүйрегі күрт нашарлап, өмірден өтті. Өзіне ажал төніп тұрса да жауқазын қос ғұмырды аман сақтап қалған оның ерлігін көзсіз батырлық деуге әбден болады», – деді жерлесі Қуаныш Төреев.
Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінің бұйрығымен оған «Суға батқанды құтқарғаны үшін» медалі берілді. Аталған награда оның ата-анасына табыс етілді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<