Екі мәселенің есебі

209

0

Фото: Қала әкімдігі

Бүгін қала әкімі Нұржан Ахатовтың төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте жылу беру маусымына дайындық және салық базасын ұлғайту мәселелері талқыланды.

Алдымен шаһар басшысы жақында ғана тағайындалған Қызылорда қалалық полиция басқармасының бастығы Дәулет Беркімбаевты қала активіне таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.

Келесі кезекте қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов жылу беру маусымына дайындық барысын баяндады. Қаладағы көпқабатты 1 200 тұрғын үйдің 808 орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Қалғаны автономды модульді бу қазандықтары арқылы жылытылады. Жылу беру орталықтарына қажетті резервтік мазут отыны дайын, ал көгілдір отын желісіне қосылмаған жеке секторлар мен ауылдарды қамтуға 85 000 тонна қатты отын қоры алынуда.

Қазіргі таңда мамандар барлық жүйелерді жіті тексерулерден өткізіп, кемшіліктер бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Әлеуметтік нысандар дайындығы күнделікті пысықталуда. Жалпы, биылғы жылы жылумен қамту нысандарына облыс әкімінің қолдауымен 11,7 млрд теңге бөлініп, 9 жоба бойынша қайта жаңғырту қарқын алды.

– Біз жылу беру маусымына дайындықты ерте бастан жасауымыз қажет. Сол себепті мәселені жедел қарап, тиісті тапсырмалар берудеміз. Қыстың қамын жазда ойла деген бар, қазір басталмаған жұмыс жылу беру маусымы қарсаңында тұрғындарды толғандырмауы тиіс. Барлық жұмыс сапалы әрі уақытылы аяқталуы қажет. Жылдағы кемшіліктердің қайталанбауын жауапты сала басшыларына қатаң тапсырамын. Бұған барлық резервті жұмылдырыңыздар, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Салық базасын арттыруда да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда жергілікті бюджетке 39,1 млн теңге салық түскен. Жоспар бойынша жыл соңына дейін шамамен 196,3 млн теңге түсім жасалмақ. Бұл көлем көрші өңірлерден Қызылорда қаласына кәсіпкер ретінде тіркеліп, қызметін бастаған кәсіпкерлердің есебінен еселенеді.

Дегенмен, облыс орталығында салық органына кәсіпкер ретінде тіркелмей, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып жүрген жеке тұлғалар анықталуда. Оларға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, есепке алынуда.

– Қаламыздағы ірі мұнай компанияларына қызмет көрсетуші кәсіпкерлердің басым бөлігі өзге өңірлерде тіркелген. Оларды жергілікті бюджетке салық төлеуші ретінде тіркету үшін тиісті жұмыстарды жүргізу қажет деп санаймын, – деді шаһар басшысы.

Жиында көтерілген мәселелерден туындайтын өзге де тақырыптар бойынша талқылаулар өтіп, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктелді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<