Екі өңірде соғыс ардагерлеріне 2 млн теңгеден біржолғы көмек беріледі

1052

0

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегі бойынша елімізде екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 289 ардагер бар.

ҚазАқпарат осы ардагерлерге әр облыс Жеңіс күні қарсаңында қандай көмек ұсынатынына шолу жасады.

Нұр-Сұлтанда 18 ардагер тұрады. Олар Жеңіс күніне орай 1 млн теңгеден астам біржолғы төлем алады. Алматыда 62 соғыс ардагері және осы санатқа теңестірілген Даманск соғысының 13 ардагері тұрып жатыр. Мерекеде олардың әрқайсысына 1 млн теңге беріледі. Шымкенттік 7 ардагер де Жеңіс мерекесіне орай 1 млн теңгеден біржолғы көмек алады. Сондай-ақ, тыл ардагерлері мен екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылардың жесірлеріне 36 756 теңгеден төленеді.

Ал, Ауған соғысына, тәжік-ауған шекарасындағы, Таулы Қарабақтағы, Ирактағы қақтығыстарға, Семей полигоны, Чернобыль атом электр стансасындағы жұмыстарға қатысушы санатындағы 2165 адамға 110 268 теңгеден беріледі.

Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұлдың айтуынша, өңірде 10 соғыс ардагері бар. Олардың әрбіреуіне 1 млн теңге біржолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Ақтөбе облысында 8 соғыс ардагері қалған. Әрқайсысына 2 млн теңгеден беріледі. Алматы облысында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 26 ардагер бар. Олардың әрқайсысына 1 млн теңге беру көзделген. Атырау облысында концлагерьде тұтқында болған 1 адам бар. Оған 1 млн теңге көмек беріледі.

Батыс Қазақстандағы 21 соғыс ардагеріне де 1 млн теңгеден беріледі. Жамбыл облысында 26 ардагер мен соғыс мүгедегі бар. Оларға да Жеңіс күніне орай 1 млн теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Қарағанды облысындағы 25 ардагерге 1 миллион теңгеден беріледі. Қостанай облысында 35 ардагер тұрады. Мерекелік күнге олардың әрқайсысына 1 миллион теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік төлем берілді. Сонымен қатар, биыл соғыс ардагерлеріне теңестірілген басқа да санаттарға төлемдер сомасы ұлғайтылды.

Қызылорда облысында екінші дүниежүзілік соғыстың 7 қатысушысы бар. Оларға облыстық бюджеттен 1 млн теңгеден, ал жергілікті бюджеттен 122,5 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек бөлінді.

Маңғыстау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсет Шопановтың айтуынша, өңірде соғыстың 6 ардагері тұрады. Жыл басынан бері оларға коммуналдық қызметтерді өтеу үшін 202 мың теңге төленген. Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен біржолғы көмек ретінде әрқайсысына 1 млн теңге төленді.

«Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген 774 ардагерге 40-60 айлық есептік көрсеткіш аралығында бір жолғы материалдық көмек көрсетіледі. Қоршаудағы кезеңде Ленинград қаласының кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен марапатталған 1 азаматқа 153 150 теңге, бұрынғы концлагерьлерде, геотоларда және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарында кәмелетке толмаған тұтқын болған 3 адамға 153 150 теңгеден, екінші дүниежүзілік соғыстың мүгедектеріне теңестiрiлген адамның екiншi, бірақ некеге тұрмаған жұбайлары – 26 адамға 122 520 теңгеден берілді», – деді Әсет Шопанов.

Сондай-ақ, екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне теңестірілген 1 адамға 153 150 теңге, екінші дүниежүзілік соғыстың мүгедектеріне жеңілдіктері жағынан теңестірілген 49 адамға 183 780 теңгеден, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында тылдағы еңбегi және әскери қызметi үшiн наградталған 574 адамға 122 520 теңгеден, қаза тапқан әскери қызметшiлердiң отбасыларындағы 56 отбасы 122 520 теңгеден, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының мүгедек ардагерлері – 64 адамға 183 780 теңгеден төленбек.

Павлодар облысында соғыстың 18 ардагері тұрып жатыр. Жеңіс күніне орай, оларға 2 млн теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек көрсетіледі. Солтүстік Қазақстан облысында 15 ардагер бар. Оларға да 1 млн теңгеден біржолғы көмек бөлінген. Түркістан облысындағы 22 ардагерге де 1 млн теңгеден көмек көрсетілмек. Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, бүгінде Түркістан облысында 5301 соғыс ардагері мен оларға теңестірілгендер тұрады. Оның ішінде 22 екінші дүиежүзілік соғыс ардагері мен соғыс мүгедегі бар. Осы екі санатқа теңестірілгендер саны 154 болса, тыл еңбеккерлерінің саны – 5125.

Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендерге 30-100 мың теңге аралығында бір реттік материалдық көмек беріліп жатыр. Шығыс Қазақстан облысында 42 соғыс ардагеріне 1,5 млн теңгеден беріледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<