Ел азаматтары зейнеткерлікке ерте шығуы мүмкін бе – Еңбек министрінің жауабы

265

0

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Бүгін БАҚ өкілдерімен кездескен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ел азаматтарының зейнеткерлікке ерте шығу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.

«Өте маңызды мәселе. Көп балалы аналарымыз, мүгедектігі бар балаларды асырап отырған аналарымыз зейнеткерлікке ерте шығамыз ба деп, осы мәселені көтеріп отыр. Зиянды өндірісте жұмыс істейтін азаматтар да министрлік алдына 50, 55 жастан зейнеткерлікке шығу мәселесін қойып жүр. Бұл халықаралық деңгейде шешімін тапқан мәселе. Айталық, егер зейнет жасына келсе де, зейнетке шықпай, жұмысын әрі қарай жалғастырған азаматтарға зейнетақысын төлемей, оны бюджетте қалдырып, ал зейнет жасына жетпей, зейнетке шыққысы келетін азаматтарға бюджеттегі сол қаржыны төлеу қарастырылып отыр», – деді министр.

Оның айтуынша, зейнетке ерте шыққысы келетін азаматтардың еңбек өтілі 25 жылдан кем болмауы керек. Сонымен қатар 25 жыл бойы зейнетақы қорына аударымдары болуы тиіс. Сол кезде ол азаматтар зейнет жасын күтпей ертерек зейнетке шыға алады.

«Мысалы, сіз 20 жасынан бастап жұмыс істесеңіз, 25 жыл бойы зейнетақы жарнасы аударылып отырса, 45 жаста шыға аласыз. Мәселен, сол уақытта бүгінгі күнмен алып қарасақ, зейнетақыңыз 100 мың теңге болады. Ал сіз зейнет жасына жетіп, содан кейін зейнеткерлікке шықсаңыз зейнетақыңыз 200 мың теңге болуы мүмкін. Біз әр санатқа есептеу жүргіздік», – деді Светлана Жақыпова.

Айта кетерлігі, бұл мәселе қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан талқыланып жатыр.

Осыған дейін Светлана Жақыпова колледждерде сержанттар дайындайтын әскери кафедралар ашуды ұсынды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<