Ел бірлігін көрсетті

656

0

5 маусымда өткен жалпыхалықтық Референдумда қазақстандықтар өз бірлігін көрсетті. Орталық референдум комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша дауыс беруге қатысқан барлық азаматтардың 77,18 пайызы Конституцияға енгізілетін өзгерістерді қолдап дауыс берді. Сыр өңірі халқы ел үшін маңызды саяси науқанда аса жоғары белсенділік танытты, аймақта дауыс беретін халықтың 79,89 пайызы өз таңдауын жасады, бұл көрсеткіш өңірлер арасында жоғарғы деңгейлер қатарынан табылды.

6 маусым күні Референдумды қоғамдық қолдау республикалық штабы ұйымдастырған брифингте Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы мен оған мүшелік ұйымдардың ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижелері туралы мәлімет айтылды.

Ел Президентінің референдум өткізу туралы шешіміне алғашқылар қатарында қолдау білдіріп, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдумды қолдау туралы Үндеуін жариялаған болатын. Қазірде Кәсіподақтар Федерациясы Қазақстан еңбеккерлерінің ең ірі бірлестігі. Еңбек адамының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғай отырып, қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті дамытуға өз үлесін қосып келе жатқан Кәсіподақтар Федерациясының Үндеуі заңнамалық өзгерістерге жалпыхалықтық дауыс беру – әрбір қазақстандықтың саяси бағытты қалыптастыруға қатысу құқығын және өз елінің болашақ тағдыры үшін жауапты шешім қабылдау құқығын айқындайтын тарихи әділеттілік актісі екендігіне назар аудартты. Кәсіподақтар барша қазақстандықтарды бүкіл әлем үшін қиын-қыстау кезеңде бірігіп, Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамды қолдауға, азаматтық ұстанымын танытып, алдағы референдумға белсене қатысуға шақырды.

Үндеуді толық қолдай отырып, өңірде біздер де Қызылордалық кәсіподақтар да ақпараттық жұмыстарды белсенді жүргіздік. Республикалық штаб жұмысы аясында кәсіподақ ұйымдары 1339 іс-шара өткізіп, оның барысында 631 мың адам түсіндіру жұмыстарымен қамтылды, оның ішінде Сыр елінің жұмыскерлері де бар. Еңбек ұжымдарымен кездесулерде азаматтар Ата заңға ұсынылған өзгерістер топтамасын оң ынтамен қабылдады.

5 маусым күнгі Референдумда Жаңа Қазақстанды құрудағы маңызды қадамның, тарихи сәттің куәсі барша халық болды, ел бірлігін танытты. Негізгі Заңға ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар әрбір азаматтың басты құқықтары мен кепілдіктерін, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті қорғауға бағытталған, осы конституциялық реформаны қолдаған әрбір қазақстандық елде түбегейлі өзгерістер енгізілетініне зор сенім білдірді. Сыр халқының республикалық референдумдағы белсенділігі қуантты, бұл біздің азаматтардың азаматтық ұстанымдарының белсенділігін және сайлау құқықтарын қолдану ұстанымдарының беріктігін көрсетеді. 

Мақсұт Нәлібаев

«Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы»

 аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы,

облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<