«Ел іші – өнер кеніші»

6

0

Фото: Қармақшы ауданы әкімдігі

Шәмшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде «Ел іші – өнер кеніші» атты дәстүрлі өнер фестивалінің қорытынды кеші ұйымдастырылды.

Фестивальға аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев қатысып, жиналған қауымды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, мәдениет саласындағы жыл қорытындылары мен аудан өнерпаздарының жетістіктерін ерекше атап өтті.

– «Биыл аудан өнерпаздары Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толуына орай облыс көлемінде өткен мерейтойлық байқауда бірінші орынға ие болып, ауданымыздың мерейін асқақтатты. Басқа да дарынды өнерпаздарымыздың еңбегі киелі мекеніміздің абыройын арттырып, мәдени өмірімізді байытып келеді. Бұл – жоғары еңбектің айқын нәтижесі», – деді Диас Асылбекұлы.

«Ел іші – өнер кеніші» фестивалі 2017 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Жаз айларында ауданымыздың орталық алаңында ұйымдастырылатын тағылымды шара концерттік бағдарламалар арқылы тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлап, ел ішіндегі таланттарды кеңінен танытуда.

Қорытынды кеште фестиваль аясында белсенділік танытып, жоғары деңгейде өнер көрсеткен 14 ауылдық клуб, Әуез мектебі және аудандық жыраулар үйі арнайы статуэткамен марапатталды.

Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасып, сахна төрінде әсем әндер шырқалып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Ауданның рухани өмірін байытуға бағытталған мұндай бастамалар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.

Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі