Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс.
Қазақстан Республикасы Рәміздері күніне орай Шиелі ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық қоғамдық даму бөлімінің тапсырысы аясында «Қазалы –Жомарт» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Рәміздерге құрмет – азаматтық міндет» атты «Руханият» орталығында дөңгелек үстел өтті. Патриоттық шараға «Аманат» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Баймұратова Жібек Орынбайқызы, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Есенбаев Кенжехан Шахизатұлы, Тәжік-Ауған, Желтоқсан оқиғасының қатысушылары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, кент және ауылдық округтердегі мемлекеттік рәміздермен айналысатын қызметкерлері, кітапхана қызметкерлері, Шиелі индустриалды аграрлы колледж қызметкерлері, жастар, қазақ күресінен республикалык жарыстардың 2025 жылғы жеңімпаздары қатысты.
Шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимннің орындалуымен басталды. «Аманат» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Баймұратова Жібек Орынбайқызы қатысушыларды мерекемен құттықтап, мемлекеттік рәміздерді ұлықтау және халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын ояту бағытында мағлұмат берді.
Ақын Талғат Күзембаевтың «Рәміздер» тақырыбындағы Арнауы оқылып, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Есенбаев Кенжехан Шахизатұлы «Мемлекеттік рәміздердің заңдылықтары, қолданылуы және насихатталуы» жайында түсіндіріп өтті.
№47 Михаил Васильевич Ломоносов атындағы мектеп-гимназиясының тарих пәнінің шебер – педагогы, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Қасқабаева Фатима Серікқызы мемлекеттік мемлекеттік рәміздердің шығу тарихына терең тоқталып, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге шақырды. Желтоқсан оқиғасының қатысушысы Асанова Патыма жастардың Отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыру рәміздерді қастерлеу жайында ой өрбітсе, Индия мемлекеті, Дели қаласында өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері Омарханова Нұрайым, Қазақ күресі, Дзюдо күресінен республикалық жарыстардың жүлдегері,2025 жылы Қазақ күресінен Қазақстан Чемпионатының күміс жүлдегері Насіпбек Нұрғанша, 2025 жылы белбеу күресінен Азия Чемпионатының күміс жүлдегері Сәдібеков Наурызбай, 2025 жылы белбеу күресінен Азия чемпионы Медетбеков Бекарыс, 2025 жылы Қазақ күресінен Қазақстан Чемпионы Патта Ілияс жеңісті сәттеріндегі Мемлекеттік Гимн орындалғандағы мақтаныш сезімдерімен бөлісті.
Дөңгелек үстел барысында патриоттық әндер шырқалып, Рәміздері күніне орай өткізілген шараларда белсенділік танытқан ауылдық округ әкімдері, мамандар, Шиелі ауданының абыройын асқақтатып, Көк байрағымызды желбіретіп жүрген жеңімпаз спортшылар Алғыс хаттармен марапатталды.






