Ел Тәуелсіздігі – басты құндылық

946

0

Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстанның жаңа дәуірде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі – Тәуелсіздік. Елдің егемендігі – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттілігінің тұғыры нығайған маңызды белесі.

1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі Туралы» Конституциялық Заңы қабылданды. Қазақстан тұңғыш рет әлемдік қоғамдастық мойындаған, заңнамалық тұрғыдан рәсімделген тәуелсіз мемлекет мәртебесіне ие болды. Тағдыр тоғыстырған сан ұлт пен ұлыстың өкілі бір шаңырақтың астында еңбек етіп, өнегелі өмір жолын жалғады. Келелі, кемел істер атқарудың арқасында әлеуетіміз артып, экономикамыз қарқынды өсіп-өркендеп, халқымыз берекелі, бейбіт ғұмыр кешуде.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел іргесін бекітудегі түрлі саяси, әлеуметтік қиындықтарға қарамастан, ел бірлігіне сызат түспей, мемлекетіміздің рәміздерін бекітіп, Ата Заңын қабылдауы, Ұлттық  Валютаның айналымға енгізілуі секілді айтулы оқиғалар тәуелсіз қазақ елінің күнтізбесінде айшықталып, тарихқа айналды.

Тәуелсіздік – Қазақстан және сот жүйесі үшін тең ұғым. 2000 жылдың 25 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының соттары мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңы тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыру мен жетілдірудің маңызды қадамы болды.

Тәуелсіздік жылдарында жүргізілген реформалар дербес сот билігінің қалыптасуы мен орнығуына, сот жүйесінің ұйымдық негіздерінің  дамуына, оны кадрлық және қаржылық қамтамасыз етуді жетілдіруге, демократиялық, құқықтық мемлекеттің заңдылық негізін бекітудің қажетті алғышарттары ретінде соттың тәуелсіздігін нығайтуға бағытталды. Республиканың сот жүйесі осы жылдар аралығында құқықтық мемлекеттің стандарттарына сай келетін шынайы тәуелсіздікке қарай қарышты қадам басты. Сот жүйесінде болған түбегейлі  өзгерістер баршаның сотқа қолжетімділігін қамтамасыз етіп қана қоймай, азаматтардың өз құқықтарын сот арқылы қорғауына жол ашып, халықтың сот билігіне сенімін күшейтті. Тәуелсіздікпен бірге түлеген сот жүйесіне енген жаңалықтар ашықтықты қамтамасыз ету мен құқықтық қызмет көрсетудің әлемдік деңгейіне сәйкестендірілді.

Адам – мемлекеттің басты байлығы. Еліміздің болашағы оның азаматтарына, олардың әрқайсысының қаншалықты салауатты, білімді, бәсекеге қабілетті болуына байланысты. Қазақстанның маңызды жетістіктерінің бірі – бүгінде барлық азаматы рухани және материалдық құндылықтарға кепілді және тең қол жеткізіп, отбасын құрып, алған білімін пайдаланып, өз ұрпағының болашағын қамтамасыз ете алатындығында.

Заманауи Қазақстанды әлемдік қоғамдастық табысты, бәсекеге қабілетті мемлекет, бейбітшіл және сындарлы құндылықтары бар ел, ұлттық және азаматтық бірліктің мекені ретінде таныған. Қазір бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін ашық, Әділетті Қазақстан құрылуда. Әділеттілік пен тарихи танымды ұштастырған ұлттың келешегі әруақыт кемел болады.

Құрылымын зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде қалыптастырған еліміздің егемендігі мәңгілік болсын!

Тәуелсіздіктің тұғыры берік болып, халқымыздың мәртебесі биіктей берсін!

А.Карбозова,

Қызылорда қалалық сотының судьясы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<