Биыл белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері И.Әбдікәрімовтің туғанына 95 жыл. Осы орайда оқу орындарында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінде өткен «Ел тарихын тұлғалар жасайды» атты әдеби-танымдық кеш те қайраткер есімін ұлықтауға арналды. Оған Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың ғалым, профессорлары, білім басқармасының мамандары, әріптестері, И.Әбдікәрімовтің туған-туыстары, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Қонақтар алдымен қоғам қайраткері жайында арнайы дайындалған көрмені тамашалады. Әдеби кешті колледж директоры Бақыт Кенбаев ашып, шараның маңыздылығына кеңінен тоқталды. Саналы ғұмырын туған елінің өсіп-өркендеуіне арнаған қоғам қайраткерінің өнегелі өмір жолын жастарға насихаттау басты парыз екенін жеткізді.
Жиында Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың профессоры Қ.Құдайбергенов Исатай Әбдікәрімовтің еңбек жолынан бастап, оның халыққа жақындығын, қарапайым да кішіпейіл қасиеттері жайында әңгімеледі. Ал қарындасы Қалдыгүл Әбдікәрімова шараның жоғары деңгейде өтіп жатқанын айтып, колледж ұжымына алғысын білдірді.
Исатай Әбдікәрімов 1923 жылғы 15 мамырда Жаңақорған ауданының «Өзгент» ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Қызылорда педагогикалық институтын, Қызылорда гидротехникумын, қазақ ауылшаруашылық институтын, КПСС Орталық комитетінің Жоғарғы партия мектебін тәмамдаған. Оқытушы, партия қызметкері, техник-гидротехник, ауыл шаруашылығы мамандықтарын иеленген азамат алғашқы еңбек жолын Жаңақорған аудандық «Екпінді» газетінен бастайды. 1941-1945 жылдары майдан даласында ұрыстарға қатысып, полк командирі болды. Исатай Әбдікәрімов елге оралып, партия жұмысына белсене араласады. Облыстағы Шиелі, Қармақшы, Жалағаш аудандарын басқарып, 1972-1978 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің 1-ші хатшысы, келесі жылы республика Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы болды.
Мемлекет және қоғам қайраткерінің 95 жылдығына арналған кеш колледж өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<