Ел тарихындағы маңызды қадам

5

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Конституциялық реформалар жөніндегі өңірлік актив отырысы өтті. Оған мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының, басқармалар мен аумақтық департаменттердің басшылары, қоғамдық кеңестің мүшелері, зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жаңа Ата Заңның жобасы әзірленді. Осы мақсатта 130 адамнан тұратын Консти­туциялық комиссия құрылды. Бір аптаға жуық жұмыс жасаған комиссия жеке азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды егжей-тегжейлі талдады.

Ашық қоғамдық талқылаулардың, жаңа нормалар мен ережелерді жан-жақты әрі тия­нақты пысықтаудың нәтижесінде Ата Заңның жаңа жобасы әзірленіп, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.

Аймақ басшысы жаңа Конституция жоба­сының маңыздылығына тоқталып, Сыр өңірі жұртшылығын бұл бастамаға жоғары жауап­кер­шілікпен, белсенді атсалысуға шақырды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылғы 8 қыркүйекте халыққа арнаған Жолдауында Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөнінде бастама көтерді. Бұл ұсыныс Конституциялық рефор­маны жүзеге асыруға негіз болып, Парламент­тік реформа жөніндегі арнайы Жұмыс тобы құрылды.

Қазан айынан бері еліміздегі саяси партия­лардан, сарапшылардан, саяси-қоғамдық инсти­туттардан, үкіметтік емес ұйымдардан, аза­мат­тары­мыздан Парламенттік реформаға қатысты ұсыныстар жинақталды.

Мемлекет басшысы Сыр өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың қорытынды бесінші отырысында Жұмыс тобының ұсыныстарын негізге ала отырып, Қазақстанның алдағы саяси бағыт-бағдарын айқындап берді.

Президентіміз Құрылтайда еліміздегі бұ­ған дейінгі ауқымды саяси реформаларының жалғасы ретінде Конституциялық реформаға қатысты өз ұстанымдарын жеткізді. Ел тарихындағы маңызды шешімдерді ұсынды.

Жаңа Ата Заңның жобасындағы бірқатар баптар мен бөлімдердің мазмұны тұтас конституциялық модельді айтарлықтай жаң­ғыртуға, саяси-қоғамдық институттарды жетіл­діруге, азаматтардың құқықтары мен бос­тандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге негіз болады. Бұл – ел тарихындағы маңызды әрі тағдырлы қадам болмақ, – деді Н.Нәлібаев.

Жиында ҚР Парламенті Сенаты жа­нындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі, Қы­зыл­орда облысының құрметті азаматтары Бек­мырза Қайыпұлы мен Мұрат Бақтиярұлы, облыс прокуроры Ризабек Кәрімұлы, облыс­тық мәсли­хат төрағасы, Консти­туциялық комиссияның мүшесі Мұрат Жол­келдіұлы, Қазақстанның Еңбек Ері, Конс­титуциялық комис­сияның мүшесі Имамзада Қуаныш­байұлы өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.