Ел тыныштығы жолындағы абзал жан

6

0

Ел қауіпсіздігі – әрбір әскери қызметшінің қасиетті борышы. Ал сол қызметтің тасасында сарбаздардың денсаулығын күзетіп, қиын сәтте алғашқы көмек көрсетуге әрдайым дайын тұратын медицина мамандары бар. Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген әскери сала маманы, мейірбике Айнұр Нұрмаханқызы – кәсібіне адал, ел сенімін ақтап келе жатқан білікті маман.

Айнұр Нұрмаханқызы 1978 жылы 4 шілдеде Сырдария ауданы қарасты Ақжарма ауылында дүниеге келген. Қарапайым ауылдан шыққан талапты қыз жастайынан медицина саласына қызығып, адам жанына араша болуды армандады. 1996 жылы медициналық колледжге «медбике» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1999 жылы оқу орнын сәтті тәмамдайды. Еңбек жолын 2001 жылы облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде бастайды. 2016 жылға дейін осы бөлімде үздіксіз қызмет етіп, үлкен тәжірибе жинақтады. Жансақтау бөлімі – кәсіби шеберлік пен төзімділікті талап ететін күрделі сала. Ауыр халдегі науқастарға жедел көмек көрсету, реанимациялық іс-шараларға қатысу, адам өміріне араша болу – оның күнделікті қызметінің бір бөлігі болды. Осы жылдар оның медициналық біліктілігін шыңдап, жауапкершілігін арттырды.

2017 жылдан бастап Айнұр Нұрмаханқызы Қызылорда қаласындағы 5547 әскери бөлімінде қызмет атқарып келеді. Қазіргі таңда 1 жедел мақсаттағы батальонның 2-ротасында аға маман санитарлық нұсқаушы лауазымын атқарады. Әскери саладағы қызмет тек медициналық біліммен шектелмейді. Бұл – темірдей тәртіп, шұғыл әрекет, физикалық және моральдық дайындықты талап ететін жауапты міндет. Айнұр Нұрмаханқызы жеке құрамға алғашқы медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, сарбаздарды тактикалық медицина негіздеріне үйретеді, далалық жаттығулар кезінде медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастырады. Қиын жағдайда сабыр сақтап, жедел шешім қабылдай білу – оның басты кәсіби қасиеттерінің бірі. Көпжылдық мінсіз қызметі үшін ол бірқатар марапаттарға ие болған. Әскери тәртіпті үлгілі сақтағаны, кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігі үшін алғыс хаттармен, құрмет грамоталарымен және ведомстволық марапаттармен наградталған. Бұл – оның адал еңбегінің нақты дәлелі.

Айнұр – аяулы жар, үлгілі ана. Жұбайы Әскербек Сунақұлымен бірге төрт бала тәрбиелеп отыр. Қызмет пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүру үлкен күш пен төзімділікті қажет етеді. Айнұр Нұрмаханқызының өмір жолы – кәсібилік пен патриотизмнің, отбасы құндылығы мен адамгершіліктің жарқын үлгісі. Ел тыныштығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген осындай жандар – қоғам мақтанышы.

Фатима МАРАТҚЫЗЫ,

5547 әскери бөлімінің қызметшісі