Ел жаңалықтары: Лагерьлер жазғы демалысқа  дайын ба?

366

0

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті лагерьлердің жазғы демалысқа дайындығын бақылауға кірісті. Бұл туралы  Қазақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазіргі уақытта комитеттің аумақтық бөлімшелерінің атына санитариялық-эпиде­миологиялық қорытынды (СЭҚ) алуға 29 өтініш келіп түскен. Оның 8-і  қорытынды алса, 17-сі қаралуда, 4-не дәлелді бас тарту берілген. Негізгі себебі – құжаттардың толық емес пакетін ұсыну, атап айтқанда жарықтандыру хат­тамаларының, микроклиматтың, суды вирусологиялық зерттеудің және объектінің техникалық паспортының болмауы. Апта сайын жаңартылатын лагерьлер тізімімен комитеттің сайтында танысуға болады.

Балалар  қаражаты аударылды

 «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында жас отандастарымыз 11,49 млн АҚШ долларын нысаналы мақсатқа пайдаланды.

–             Мамыр айының 1-не дейін 97 615 өтініш орындалып, жалпы сомасы 11,49 мил­лион АҚШ долларынан астам қаражат уәкілетті операторлар арқылы өтініш беру­ші­лердің банктік шоттарына аударылды. Жиналған қара­жатты толы­ғымен немесе ішінара пайдалануға болады. Қолданылмаған сома мақсатты жинақ шотында (МЖШ) қалады, – делінген БЖЗҚ хабарламасында.

Серіктестермен келіссөз жүргізуде

Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қазақстандық колледждерді интернационалдандыру жүргізілуде.  Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан жұмысшы кадрларды даярлауда әлемдік деңгейге шықты.

Қазіргі уақытта салалық ведомство шет­елдік серіктестермен келіссөздер жүргізуде. Олардың қатарында Қытай, Оңтүстік Корея, Франция секілді елдердің жетекші білім беру ұйымдары мен кәсіпорындары бар. Ынтымақтастық ая­сын­да академиялық ұтқыр­лыққа, тағылымдама мен тәжірибе алмасу бағдарламаларына, ха­лық­аралық білім беру стандарттарын, қос диплом алу бағдарламаларын енгізуге, сондай-ақ педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.

«СБ» ақпарат