Оқу-ағарту министрлігі балалардың қауіпсіздігіне қатысты іске асырылып жатқан шараларға түсінік берді.
— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі Бала құқықтары жөніндегі уәкіл және салалық министрліктермен бірлесіп, 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын әзірледі. Тұжырымдаманы іске асыру аясында 2027 жылдан бастап еGov платформасында «Баланың жолы» цифрлық жүйесі енгізіліп, көрсетілетін қызметтер мен қолдаулар осы жүйеде бірегей түрде ұйымдастырылатын болады, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Тұжырымдама аясында «Заң мен тәртіп» идеологемасын кеңінен тарату, мектептерде педагог-психолог сағатын енгізу, балаларды «Адал азамат» рухында тәрбиелеу, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек кабинеттерін ашу, психологиялық диагностиканың бірыңғай цифрлық платформасын құру, қадағалауды талап ететін балаларды тәлімгерлермен 100% қамту жоспарланған. Сондай-ақ буллингті анықтау үшін бейнебақылау камераларына ЖИ технологияларын енгізу, құқыққа қайшы контентті жоймағаны үшін интернет-платформалардың жауапкершілігін күшейту және басқа да шаралар қарастырылған.
— Заңға бағынатын азаматты тәрбиелеу мақсатында «Адал азамат» бағдарламасы бекітілді. Бағдарлама аясында білім беру ұйымдарында балалардың ықтимал қауіп-қатер жағдайларында қауіпсіз мінез-құлық дағдылары мен білімдерін қалыптастыруға бағытталған қауіпсіздік сабақтары өткізіліп келеді (оқу жылы басталғалы 1,4 млн сабақ өткізілді). Сонымен қатар, буллинг пен зорлық-зомбылықты ерте анықтаудың бекітілген алгоритмі мемлекеттік органдар мен Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің жедел ведомствоаралық әрекет етуін қамтамасыз етті (3 мың кәмелетке толмаған балаға кешенді көмек көрсетілді). Балалар құқығының бұзылуын уақытылы анықтаудың маңызды тетіктерінің бірі — отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «111» мемлекеттік байланыс орталығы. 2025 жылы аталған орталық арқылы 119 150 балаға құқықтық, ұйымдастыру және психологиялық көмек көрсетілді. Мұнымен қоса, 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап еліміздегі балабақшаларда, мектептер мен колледждерде жеке қауіпсіздік сабақтары енгізілді. Бағдарлама аясында оқушыларға қоғамда және интернет кеңістігінде қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған 130 тақырып оқытылады, — деп аталып өткен Оқу-ағарту министрлігі ақпаратында.
Бұған дейін «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында елімізде қандай шаралар жүзеге асырылатынын жазған едік.






