Сыр өңірінде жаңа Конституция жобасына байланысты жалпыұлттық референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды белестердің бірі ретінде бағаланады. Маңызды саяси науқан халқымыздың мемлекет тағдырына бейжай қарамайтынын, ел ертеңіне деген жауапкершілікті терең сезінетінін тағы бір мәрте айқын аңғартты. Әрбір азамат дауыс беру арқылы өз таңдауын жасап, туған елдің болашағына деген сенімін көрсетті. Оны елдік мүддеге деген адалдықтың көрінісі деп бағалаймыз.
Атаулы күнде саяси шараға аға буын өкілдері мен ардагерлер белсене қатысып, елдік мәселеде өздерінің азаматтық ұстанымын білдіруге мүмкіндік алды. Қазыналы қарияларымыз ақыл-парасаты мен елді бірлікке үндеген өнегелі сөзі арқылы жас ұрпаққа үлгі болып, қоғамдағы татулық пен тұрақтылықтың нығаюына зор үлес қосты.
Конституциялық реформа саяси тұрақтылық пен билік тепе-теңдігін нығайтады. Қазақстан Тәуелсіздік жылдары ішінде саяси тұрақтылық пен басқарудың тиімділігін қамтамасыз еткен мемлекеттік институттардың тұрақты жүйесін қалыптастырды. Сонымен қатар, өзгеріп жатқан халықаралық жағдай мен дамудың жаңа міндеттері саяси жүйені одан әрі жетілдіруді талап етеді.
Бұл өзгерістер тек саяси жағынан емес, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсер етеді. Себебі қоғамның саяси процеске кеңірек қатысуын қарастырады. Сондай-ақ парламенттік өкілеттіліктерді бір палата шеңберінде шоғырландыру заң шығарушы органды толық және тиімді етіп, үкімет қызметін бақылауды күшейте алады.
Саяси реформалар билік тармақтары мен мемлекеттік институттардың өзара іс-қимылын жетілдіруге бағытталған және ол жүйенің ішкі және сыртқы сын-қатерлерге тиімді жауап беру қабілетін арттыруы тиіс. Жаңа Конституция еліміздің алдағы даму бағытын айқындайды.
Қазақстан саяси тұрақтылықты сақтай отырып, мемлекеттік жүйені біртіндеп ашық етудің теңгерімін табуға ұмтылып келеді. Бұл – тұрақты дамуды көздейтін өте маңызды қадам.
Дана халқымыз «Қариясы бар ел – қазыналы ел» деп бекер айтпаған. Осындай сәтте үлкендердің парасатты пікірі мен бай тәжірибесі қоғамның бірлігін арттырып, ортақ мүдде жолында жұмылуға жол ашады. Біз үшін елдің тыныштығы мен бірлігі – ең қастерлі құндылық. Осындай тағдырлы кезеңде халқымыздың ауызбірлігі мен өзара түсіністігі, ортақ мақсат жолындағы ынтымағы жарқын келешекке жол сілтейді.
Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы






