Елдікті нығайту бірлігімізден басталады

263

0

Еліміздің мерекелер тізіміне қайта еніп, атаулы күнге айналған ұлттық мейрам – Республика күні егемендік алған сәттерді еске түсіріп қана қоймай, сол кездің қадірін түсінуге, бүгінгі тәуелсіздікті бағалауға үндейді. 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан ең маңызды құжат болатын.

Алғаш рет ел аумағының тұ­тастығы, халқымыздың мәде­ние­тін, дәс­түрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысымызды қалып­тастыру секілді қағидаттар бекіді. Елдің береке-бірлігін нығайтып, тәуелсіздігімізді сақтау жолында басталған алғашқы қадам туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Енді бұл мей­рамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам» деген еді.

Елдігімізді қуаттап, халқы­мыздың ауызбірлігін арттыру – қоғам үшін қашанда басты іс. «Бірліксіз тірлік оңбас» деген. Адам баласы қоғам сөзін тумы­сынан көп естиді. Өйткені, өзінің сол қоғамның бір бөлшегі екенін түсінеді. Адамның жалғыз ғұмыр кешуі тіпті мүмкін емес. Бұл – табиғатына жат құбылыс. Ата-анадан туып, бауыр, ағайын-туыс, көрші-көлеммен өмір сүру, үйленіп, шаңырақ көтеру, ұрпақ өсіріп-өрбіту – мұның барлығы қоғамды дамытатын ортақ құнды­лықтар. Қазақ халқында «Жалғыз­дық Аллаға ғана жарасқан» деген даналық сөз қалған.

Расында, жалғыздық Алланың ұлылығына тән болса, ал адам баласының қоғамдасып тіршілік етуі Жаратқанның шексіз құдіретін баян етеді. Адам баласы әрдайым жүйе­ленген тәртіпке бағынышты. Соны­сымен ғана адами қалпын сақтап, адамизатқа игілікті іс қалдырады. Құранда Алла Тағала былай дейді: «Әй, адам баласы! Күмәнсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір-біріңмен танысып-білісу үшін сендерді ұлт-ұлтқа, ру-руға бөлдік. Расында, Алланың құзырында ең ардақтыларың тақуалықта ең жақсы болғандарың. Шүбәсіз Алла толық білуші, әр нәрседен хабардар болушы» («Хұжұрат» сүресі, 13-аят).

Құран – Құдай сөзі. «Әй, адам баласы!» деп басталатын бұл аятта Алла Тағала бізге өмір заңдылығын көрсетіп отыр. Адам жалғыз өмір сүре алмайды. Бір-бірін толықтыру, бір-бірінің қажеттілігіне болысу арқылы ғана жүйелі тәртіп орната алады. Мұндағы мүдде – ізгі қоғам қалыптастырып, бейбітшілік пен тыныштықта бірге ғұмыр кешу.

Ұлт-ұлтқа, ру-руға бөлінген адамзатты біріктіретін құндылық ізгіліктен тұрады. Ізгі қоғамды қалып­тастыратын жандар – Алла­ның ең ардақты деп танылған тақуа құлдары. Тақуалық – Алладан шын қорқып, бұйырған әмірлерін ықы­ласпен орын­дау дегенді білдіреді. Жүрегінде зәредей жаманшылығы жоқ жан­дар ғана Отан алдында адал еңбек етіп, қоғамның тыныш­тығы үшін үлес қосады.

Дана халқымыз: «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деп ескерту айтқан. Құдайдан қорқатын адам өзі өмір сүріп жатқан қоғамға жақсылықтың дәнегін егеді. Құдайдан қорықпағаннан қоғамға келетін зиян мен кез келген қауіптің бәрін күтуге болады. Қай қоғамның жақсылыққа бет түзеуі немесе жамандыққа жол ашуында әр адамның өзіндік қолтаңбасы қалады. Өйткені, жақсылы-жа­манды қоғам қалыптастыратын ол – адамзат. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деп бабаларымыз татулыққа, бірлікке, ынтымаққа әркез үндеп отырған. Қабылиса жыраудың:

– Бақ, қайда барасың?

– Елімен болған бірлігі,

Тағат, ғибадат тірлігі,

Ұйымшыл елге барамын, – деп келетін жыр жолдары да осыған дәлел.

Береке елдің бірлігінен бас­талады. «Қол жұмылмай, жылын­байды», «Ауыл болсаң, қауым бол», «Ынтымақ барда ырыз­дық бар» деген қанатты сөздердің тереңіне үңілсек, елдің берекесі оның ынтымағында, ішкі ауыз­бірлігінде тұрғанын байқау қиын емес.

Атақты Майқы бидің:

– Бетеге кетсе, бел қалар,

Бектер кетсе, ел қалар,

Берекең кетсе, нең қалар?» деген нақылы дәл бүгінгі таңда тіпті өміршең болып тұр.

Шынында елдің берекесі кетсе, не қалады?!

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Ақиқатында, адамдардың ара­сында жақ­сы­лықтың кілті әрі жамандықтың құлпы болып табылатындары бар. Және адамдардың арасында жа­ман­­дықтың кілті әрі жақсылықтың құлпы болып табы­латындары да бар. Алла жақсы­лықтың кілті қылған адамдарға Туба (Жән­наттағы ағаш) болсын әрі Алла жамандықтың кілті қылғандарға қасірет болсын!» деген екен. Жүрегінде иманы бар, Алладан шын қорқа білетін пенде жақсылықтың есігін ашып жүреді. Қоғамға қауіп төндіретін жаман­дықпен күреседі. Әрбір жасалған жақсы істер қоғамның іргетасын бекітеді. Сол сияқты әрбір жасал­ған жаманшылық та қоғамның ішін жегідей жейтін құрт іспетті.

Ислам дінінде бұйырылған әрбір істің мақсаты – қоғамдағы әділет­сіздікке жол бермеу, адамдар арасын­дағы сүйіспеншілікті арт­тыру. Әр адамның қоғамда жасап жатқан еңбегі, қызметі, үйренген білімі мен тәлім-тәрбиесі – елдікті қалыптас­тыратын игі амалдар. Абай атамыз өзінің қара сөзінде: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деп бір-ақ ауыз сөзбен көп нәрсені ұғынды­рып кеткен. Адамшылықтың қарызы дегеніміз – елдің іргесі нық болуына титтей болса да үлес тигізу. Егер адам өз нәпсісі мен соқа басының құлқы үшін жүрсе, өзі үшін оттаған хайуанның ар жақ, бер жағы боп қалатыны рас.

Құранның ізгі қоғам қалып­тастыруға нұсқайтын тағы бір аятына тоқталсақ, онда былай дейді: «Расында, мүміндер – бір-біріне шынайы бауыр. Сондықтан (жүз шайысып, ат құйрығын кесіскен) бауырларыңның арасын жарастырыңдар. Және Алладан қорқыңдар. Мүмкін игілікке бөле­нерсіңдер» («Хұжұрат» сүресі, 10-аят). Аталған аят мүмін-мұсылмандардың бір-біріне туыс-бауыр екенін еске салады. Үмметтің бірлігі бауыр­лас­тықты, туыстықты сезінумен сақ­талады. Демек, кісі өзіне қаламаған бар жамандықты өзінің туыс-бауырына да қаламауы керек. Аяттың жалғасында екі туыстың арасын бұзатын кез кел­ген жамандықты дереу тоқтатып, араларын жарас­тырып жіберу мұсыл­мандық-туыстық ақы екені айтылады.

«Жалғыз ағаш орман болмас, жалғыз кірпіш қорған болмас» деген ата-бабаларымыз қоғам бірлігін әрқашан басты орынға қойған. Бақ пен береке қоғамның ізгілігінде екенін жете түсінген. Бірде алдына сәлем беріп, елді ынтымақтастыру жөнінде келген жас Төлеге Әнет бабамыз садақтың алты оғын біртіндеп сындырып, оны екі бүктеп он екі шыбық етіп ортасынан бір буады да:

– Міне, енді сындырып көрші, – дейді. Төле бірден бір буда шы­бықты қалай сындырсын. Шыбық­тарды Әнет бабаға қайтарып:

– Айып етпеңіз, бұл жұмба­ғыңызды түсінбедім, – депті. Сонда Әнет бабамыз мынадай өсиет айтыпты:

– Төлежан, ешқашан өзімшіл болма, көптің айтқанын тыңда. Көптің айтқанын тындасаң, көп те сенің айтқаныңды орындайды. Көп бол­саңдар, сендердің белдеріңді ешкім сындыра алмайды. Ал әр­қайсысың жеке-дара жүріп, ынты­мақтарың жарас­­­пайтын болса, мына жеке шы­бық­­­тарды сын­дыр­ған секілді әркім-ақ бір­лік­теріңді бұзып, берекелеріңді кетіреді.

Ілгерідегі жандар: «Адам ұйымшыл, мал үйіршіл» деп бекер айтпаса керек. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету және ұйымшыл болу сыйластықтан басталады. Егер бұл айтқандар болмаса, ел ішінен береке кетеді. Қоғамның дамуына әсерін беретін және бір құндылық – адамның көркем мінезді болуы. Дамыған елдердің басты құндылығы осында. Кісіге күлімдеу, құрмет көрсету, жәрдемін тигізу – мұның барлығы сол көркем мінезден туындайды. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көркем мінезімен надандық құрсауындағы Мекке халқын мойындатып, оларға өнеге көрсете білді. Ол (с.ғ.с.) пайғамбарлық кел­генге дейінгі қырық жыл өмірінде адамгершілік қасиеттің қоғамға әкелер пайдасын дәлелдеді. Ел арасында «шыншыл» деген мағы­надағы «Мұхаммадул-әмин» лақап есімімен танылды. Тіпті Алла Елшісі (с.ғ.с.) сахабаларына: «Мен жер бетіне көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім» деген еді. Бір хадисінде: «Адамдардың ең жақсысы – адамдарға пайда әкелгендері» дейді. Бұл хадистің мәні терең, тәрбиесі мол. Адам болып туу – бір бақыт. Ең жақсы адам болып қалу – мың бақыт. Себебі, ондай адам алған білімімен, жиған байлы­ғымен, бойындағы көркем мінезімен, қолындағы қызметімен адамдарға пайда тигізіп, ізгі қоғамның іргесін мықтайды. Енді бір хадисте: «Нағыз мұсылман – өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян келтірмеген адам» деп сипатталады. Бір сөзбен айтсақ, нағыз мұсылман – қоғамның үлгі тұтар азаматы. Өйткені, ондай адам қоғамға тілімен, қолымен еш зиян бермейді. Сөзі мен ісі қоғам­ның игілігіне ғана пайда әкеледі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Біздің халық алдындағы басты міндетіміз – жұртымызды жақсы­лыққа үндеп, жамандықтан тосу, ізгі қоғам құруға қадам жасау. Біз үшін қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі маңызды» деп дін өкілдерінің мұрат-мақсатын белгі­леп берген болатын.

«Илегеніміз – бір терінің пұшпағы» демекші, халыққа дін мен дәстүрді дұрыс насихаттау, ұлттық болмысымыз бен бірлі­гімізді қалыптастыру жо­лында Діни басқарманың Қызылорда облысы бойынша өкілдігі де айтарлықтай үлес қосып келеді. Өңі­рімізге қарасты қала, аудан-ауыл­дарымызда дін мен дәстүрді ұлық­тайтын түрлі форматтағы шаралар жамағат арасында тұ­рақты ұйым­дастырылуда. Мәсе­лен, «Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз» атты шаралар жастар арасында жиі өт­кізіледі. Дін мен дәстүр сабақтастығы жыл бойы дәріптеледі. «Бірлігі бекем жамағат» атты мешіт жамағатына арналған жұмыстар жүргізіледі. Дұрыс сенім қалыптастыру, көркем мінез иесі болу, қоғамға жақсылық жасау, жат әдеттерден алыс жүру сынды құндылықтар насихатталады. Бұдан бөлек, қоғамдағы әлсіз топтар да наза­рымыздан тыс қалған емес. «Тайқазан», «Мектепке жол», «Бола­шаққа үміт сыйла!» атты бастамалар аясында қайырым­ды­лық шаралар жал­ғасын табуда. Әрине, мұның барлығы қоғамның игілігі мен халқымыздың береке-бірлігі үшін жасалып жатқан жұмыстар екені сөзсіз.

«Бірлігі кеткен ел жаман, егесіп өткен ер жаман» дейді Қаз дауысты Қазыбек би бабамыз. Айтса айтқандай, мұсылман баласы үнемі ізгі істің басы-қасынан табылуы керек. Сондықтан әрбір мұсылман үмметі елдің бірлігін нығайтып, татуластықты қалып­тас­тыруға өзіндік ықпалын тигізуі қажет. Халқымыздың: «Отаны бірдің жүрегі бір, ал жүрегі бірдің тілегі бір» деуі де бекер сөз емес. Елдің өркендеуі үшін тілегіміз бен жүрегіміз бір болса, адамдар арасындағы татулық, бауыр­ластық, туыстық артады.

Бірлігі бекіген, татулығы тұтасқан Қазақ елінің аспаны әрқашан ашық болғай. Ұлттық мейрамымыз – Республика күні құтты болсын! Еліміз аман, жұр­тымыз тыныш болсын, ағайын!

Дастан қажы ЖАНАСҰЛЫ,

Қызылорда облысының

бас имамы