Сыршыл ақын, Сыр журналистикасының ұстыны, жастардың жанашыр ұстазы Әскербек Рахымбекұлының ысырат сапарына аттанып кете барғанына да бес жылдың жүзі аунапты-ау…
Біз бүгін Әсағаңның жан досы, Сырдың саңлақ азаматы, білім саласының қайраткері Зинабдин Шермағанбетовпен жүздесіп, ол кісіден досы жайында естелік айтып беруді өтінген едік.
Зинабдин аға бізге мынадай сыр шертті.
1960 жылы Жаңақорған ауданындағы «Октябрь» орта мектебін бітіріп, Қызылорда пединститутына келдім.
Институтта осыдан бір жыл бұрын консерваторияда оқып, жас маман болып келген Тәңірберген Қалауовтың қалауымен «Қазақ тілі, әдебиеті және ән-музыка» деген кафедра ашылған екен.
Қалауовтың Сыр мәдениетіне жасаған еңбегі көп. 1967 жылы «Сыр сұлуы» ансамблі ашылып, сол кездердің өзінде Мәскеуге, Болгарияға дейін барып өнер көрсетті. Біздің үйдің отанасы Зөреш студент кезінен осы ансамбльдің бишісі болған.
Мен институтқа осы қазақ тілі әдебиеті және ән-музыка мамандығы бойынша оқуға түстім. Бұған түсу үшін талапкердің ән айту қабілеті болуы міндетті. Талай бала негізгі сабақтардан өтіп, музыкаға келгенде сүрініп жатты. Ал мен домбыра тартып, ән айтатынмын.
Біздің заманның шашын салалап кері қайырып, маңдайы жарқыраған жастары – Әскербек Рахымбеков, Махмұтбай Әміреев, Балашбек Шағыров, Амангелді Мақатаев, тағы басқалар кейін күллі ел-жұртқа аты танылған игі жақсылар болды.
Бүгінгі балалар Балашбекті біле ме екен? Жетім өскен, жаны нәзік, өте жақсы ақын еді, Әсекең екеуі дос болды. Олардың ортақ тіні өлең болатын.
Тереңөзек, күнде жүрмін көшеңде,
Қарызым көп осы елге.
Көкірегімде лаулап жанған
бір от бар,
Сол қоймайды, жырламайын десем де, – дейтін қарапайым да, шынайы өлеңдері еріксіз баурап алатын.
Ал Амангелді он жыл аудандық мәдениет бөлімінің басшысы болды. Махмұтбай есімін Сыр елі жақсы таниды. Оның сонау студент кезінде жазған «Қызылорда вальсі» өлеңі әнмен тарап, Қызылорда гимніне айналып кетті.
Осындай азаматтар бір дәуірдің жастары едік.
Әсекең екеуміз бір топқа түстік. Ол ән салғанда нәшіне келтіріп, әуенді биікке көтеріп әкететін.
Алпысыншы жылдары ел басына түскен жоқшылықтың жүлгесі енді жазылып келе жатты. Жатақхана жетіспейді, пәтер жалдап тұратынбыз.
Мен әуелде ауылдасым Адырбай Өміровтің ағасы Қаржаубайдың үйінде жаттым. Адырбай институтты сырттай бітірген, өзі ауыл мектебінде завуч. Оқытушылармен жақсы қатысады, маған қамқор болды. Сабақтары жақсы бағалансын деп мұғалімдерді біз үшін ресторанға алып баратын. Энгельс көшесінде бір ресторан болды, біз оған басымызды да сұға алмаймыз.
Қаржаубайдың үйі осы күнгі орталық алаңда болатын, бұл жерді «Сырдария» деп атайтын. Жазушы Нәсіреддин Серәлиев көршіміз еді. Сол кезде Асқар Тоқмағамбетов, Сақтаған Есмаханов, Сейіл Боранбаев секілді аты шыққан ақындар кездесулер өткізеді. Әскербек сондай кездесулерде өлең оқып таныла бастады.
Бізге Әділ Ермеков, Әуелбек Қоңыратбаев, Медеуәлі Бимағанбетов сияқты білімді профессорлар сабақ берді. Ермеков – институт ректоры. «Абай жолы» романының кез келген бетін айтса, сол жерді жатқа оқып жалғап кетеді. Романды түгел жатқа біледі екен. Дастан жаттағанды көргенбіз, роман жаттағанды бұған дейін де, одан кейін де естіген емеспіз. Ол кісінің лекциясында аузымызды ашып отыратынбыз. Алдымызда адам емес, жазылып қойылған бір құрылғы сөйлеп жатқандай сезілетін.
Бір жылға жетпей Қаржаубайдың үйінен рұқсат сұрап шығып, студент достарыма кеттім.
Алғашында Амангелді Мақатаев, Қуанышқали Шапшаңов, Әсекең төртеуміз Новая деген көшеден бір кәрістің пәтерін жалдадық. Қуанышқали жаратылыстану факультетінде оқитын. Бірақ бәріміз бірге жүреміз, доспыз. Сол кәрістің баласы штангист, қазір зілтемірші деп аударып жүрміз ғой, ол кезде мұндай атауларды орысша айта береді. Кейде еске түссе таңғалам, кәрістер сол кезде-ақ зілтемір көтеруге әуес еді, ақыры сол спорттан аттарын шығарды. Атақты Ильинді жаттықтырған Вилорий Пак республиканың еңбегі сіңген жаттықтырушысы атанды.
Бұл пәтерден кейінірек Әсекең екеуміз бөлініп, бір немістің үйінде тұрдық. Сол кезде қалада резина зауыты бар, немістің үйі осы жерде.
Әскербектің өлеңдері адамның түйсігін тап басып, санасына қона қалатын. Ол өлеңді қағазға түсіріп, сызғылап машақаттанбайды. Үнсіз, ойша жазады. Үнемі шалқалап көзін бір нүктеге қадап жататын. Оның ақындығының ерекшелігі де осы болу керек. Таза, шынайы, саф.
Әсекең тек ақындықпен көрінген жоқ, институттың домбыра оркестрінде өнер көрсетті. Емтихан тапсырып отырып, «Көзімнің қарасын» дауыстап айтып, бүкіл дәрісхананы күңіренткен бір оқиғасы өз алдына. Бұл оның өзіне сенімділігі. Әйтпесе, мұғалім алдында сынақ тапсырып отырып, әндетпек түгілі басқалар жөтеле алмай тұншығады.
Әсекең Тұманбайды жақсы көретін. Тұманбай шынында жақсы ақын ғой. «Көзімді жұмсам да көрем сені» деген образды сөзді кім қайталай алды?!
«Бәрін айт та бірін айт» дегендей, Әсекең екеуміз сол бір жастық дәуренде арамыздан қыл өтпес досқа айналдық. Институт бітірерде «Жұбымыз жазылса да, бір-бірімізден көз жазбаймыз. Қашан да болса іздеп, көрісіп жүреміз» деп уәделестік. Мұны серт десе де болады.
Біз осы сертке Құдай айырғанша адал болдық.
Институт бітірген соң мен жолдамамен Жаңақорған ауданындағы №3 мектеп-интернатқа орналастым.
Әскерге барып келіп, 1967 жылы тамыз айында Зөреш екеуміз бас қостық.
Сол кезде ауылға Балтабай, Амангелді, Әскербек секілді достарым түнделетіп пойызбен жетті. Әскербекке еліктің лағындай сүйкімді қараторы қыз еріп келді. Досым оны бізбен таныстырды. Болашақ үйленеміз деп уәделескен қызы екен, аты – Сәбира. Сонда әлі мектепті бітірмеген кезі.
Сол сүйіп қосылған Сәбирасы алтын асықтай ұлдардың, күміс қасықтай қыздардың анасы болды. Бір өкініштісі, өмірден ерте өтті. Ауыр сәтте Әсекеңнің қасында болдым, қайғы салмағын бөлістім. Әсекең жарының қазасына көп өлең арнады, бұл өлеңдер оқыған адамның көкірегін тырналап, көзінен жас ағызады.
…1975 жылы Талап ауылындағы «Октябрь» орта мектебінің директоры болып жүрген кезімде Әскербек біздің ауылға Тұманбай Молдағалиевті ертіп келді. Әсекең институттан соң жолдамамен шамалы уақыт Жамбыл облысына барып жұмыс істеді де, қайта келіп, облыстық радиода қызмет етті. Сол кездері де радиода болуы керек.
Осы кездесуде Тұманбайдың оқыған бір өлеңі жадымда жатталып қалды.
Танысқанда сен он бес-ақ жаста
едің,
Мен де ол кезде өзгеше едім,
басқа едім.
Көз алдымда тұрдың ұзақ мөлдіреп,
Мөлдір көзден үзілген бір жас па
едің.
Әсекең Тұманбайды осындай лирикалары үшін де жақсы көрді, көп араласты.
Жылдар өтті жылжып, барлығы да өзгерді. Қызмет те, тірлік те, ой да, бой да… бірақ, біздің достығымыз өзгермеді.
1992 жылы наурыз айында аудан әкімі Ибрагим Әбибуллаев мені аяқасты шақырды да әкімнің орынбасарлық қызметін атқарасыз деді сеніммен. Жоқ дей алмадым. Бұл – жауапты қызмет, елдің қамын жеу, жұрттың жүгін арқалау дәл сол жылдары тіпті ауыр еді.
Ибрагим – Әскербектің ауылдасы, екеуі бір топырақтың азаматтары. Ибрагим ауданға әкім болып барған соң Әсекең оған: «Менің досым бар сонда, білім саласын басқарды, елге сыйлы адам, соны өзіңе орынбасар қылып алсаң, көп іс тындырады» депті. Бірақ мен ол жайдан хабарсызбын. Аудан әкімінің орынбасары деген лауазымыммен құттықтап келді, досым. Сонда Әсекең аудан әкіміне айтып едім деген жоқ, мен оны тіпті кейін білдім.
Бұл нағыз ақынға, болмыс кені қазынаға бай адамға тән мінез шығар деймін.
Әсекеңнің жыр кітаптарының барлығы менде қолтаңбасымен сақтаулы тұр. Облыста тұңғыш рет құрастырылған «Сырдария» кітапханасы арқылы «Тағдырстан», «Ғұмырдария» атты екі бірдей өлеңдер мен дастандар жинағының жарық көруі Әсекеңнің шығармашылық бір биік белесі болды. Оның өлеңмен роман жазуы үлкен эпик ақын екенін көрсетті.
Ол екеуіміздің достығымыз берік те көркем достық болды. Бұған қоса Әсекеңнің құда болсақ деген бір арманы бар еді, бірақ оны тағдыр бұйыртпады. Ол жайында Әсекең:
Сол бір күндерден біз алыстадық,
Ораза тұтып, Құран ұстадық.
Ұландарымыз жүр аңыс бағып,
Қыз беріп әттең, қыз алыспадық, – деп өлең де жазған.
…Өмір өз арнасымен ағыстай берді. Оны өз ырқына бұратын бір Құдай ғана. Адам – сол ағыстағы жаңқадай ғана жан иесі.
…Тағдыр Әсекеңді Күлмарашпен қосты. Құдалыққа Алмас Алматов пен Махмұтбай барды. Мен күйеужолдас болдым.
Күлмараш Әскербекке ақын жанын ұғына алған, ағайынға адал, балаларына мейірбан әйел болып кездесті. Сол үшін оған әрдайым да алғыс айтып келеміз.
Солай да, солай, қарағым, демекші, бүгін анты берік дос, ақиық ақын, асылзада азамат Әскербек жоқ. Менің Мұңлық-Зарлықтай сағынышыммен оңаша қалған кездерімдегі халімді өзімнен артық кім түсінеді?! Достан айырылудың мұңын дос қана біледі… менің осы сексен екі жасыма дейін қанша жанмен жақын болдым, араластым, сырластым, солардың көбін еміс-еміс қана есіме түсіре аламын. Ал Әсекеңнің бейнесі – ешқашан ескірмес бейне!
Артында ізі мен көзі, өлмес сөзі бар Әскербектің екінші өмірі басталды. Бұл өмірдің ұрпаққа жалғасып, тым ұзақ болатыны аян.
Зинабдин ШЕРМАҒАНБЕТОВ,
КСРО Білім беру саласының үздігі, халық ағарту ісінің озық қызметкері





