Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі базалық зейнетақыны тағайындау процесіне түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл 1 қаңтардан бастап Қазақстанда зейнетақының ең төменгі мөлшері – 24 341 теңге, ынтымақты зейнетақының ең төмен мөлшерi – 53 076 теңге. Жасы келіп зейнетке шыққанда зейнетақы орташа айлық кірісті негізге ала отырып тағайындалады. Тағы бір жайт, зейнетақыны тағайындауда республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 55 (189 750 тг) мөлшерінен аспауға тиіс. Жасы келіп зейнетке шыққанда зейнетақы толық көлемде келесі санаттағы адамдарға беріледі. Ерлерге – 1998 жылғы 1 қаңтарда кемінде жиырма бес жыл еңбек өтілі болған кезде, әйелдерге – 1998 жылғы 1 қаңтарда кемінде жиырма жыл еңбек өтілі болса», – деген жауап келді ҚазАқпарат жолдаған сауалға.
Министрлік ұсынған ақпаратта айтылғандай, талап етілетін еңбек өтілінен артық 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жұмыс істеген әрбір толық жыл үшін жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1 пайызға ұлғайтылады. Бірақ бұл жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін есепке алынатын кірістің 75 пайызынан (142 313 тг) аспайтын мөлшерде.
«Қазір базалық зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 30 жыл немесе одан жоғары болған жағдайда республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызы (2023 жылы – 40 567 тг) мөлшерінде тағайындалады. Бұл көрсеткіш 5 жыл аралығында (2027 жылға дейін) кезең-кезеңімен 120% -ға дейін артады», – деп толықтырды ведомстводан.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<