Елімізде қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар ауруханаға жатқызылмайды

6

0

Фото: freepik.com

Денсаулық сақтау министрлігі қызылшаның одан әрі таралуына жол бермеу және эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында қосымша шараларды күшейтіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz  ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мұны Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Сархат Бейсенова мәлімдеді.

Оның айтуынша, қызылша, қызамық және эпидемиялық паротитке қарсы иммундау шараларын күшейту туралы тиісті қаулы қабылданды. Ұйымдасқан ұжымдарда, әскери бөлімдерде және білім беру ұйымдарында қызылша жағдайлары тіркелсе, індетке қарсы және алдын алу шаралары жүргізіледі. Оның ішінде екпе алмаған адамдарды уақытша шеттету қарастырылған.

Сонымен қатар балаларды жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу тәртібі де нақтыланды. Бейсенованың мәліметінше, қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар жоспарлы түрде ауруханаға жатқызылмайды.

Министрлік вакцинация жұқпалы аурулардан, соның ішінде қызылшадан қорғанудың ең сенімді жолы екенін айтты. Қазақстанда қолданылатын вакциналар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) ұсынымдарына сай келеді және сапасы мен қауіпсіздігі қатаң бақылаудан өтеді.

Сархат Бейсенованың мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанда қызылшаның 3 343 жағдайы тіркелген. Бұл ауру түрі еліміздің тоғыз өңірінде байқалған. Ол өңірлер: Астана мен Алматы қалалары, Жамбыл, Атырау, Ұлытау, Қарағанды, Алматы, Ақтөбе және Қостанай облыстары.

“Науқастардың 72%-ы 5 жасқа дейінгі балалар. Ал сырқаттанғандардың 78%-ы екпе алмағандар: 56% вакцинадан бас тартқан, 14% медициналық қарсы көрсетілімі болған. 30% әлі екпе жасына толмаған балалар”, – деді Бейсенова. 

Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін өңірлерде індетке қарсы шаралар мен нысаналы жас топтарына жоспарлы иммундау жұмыстары жалғасып жатыр. Оған қоса, 2025 жылдың қарашасынан бастап қолда бар вакцина қоры аясында 6–11 айлық балаларға қосымша иммундау күшейтілді.