Биыл елімізде төлқұжатты онлайн форматта қайта шығару қызметі іске қосылмақ. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин айтты.
— Биыл бұл қызметті кеңейтіп, Ішкі істер министрлігімен төлқұжатты онлайн форматта қайта шығаруды жоспарлап отырмыз, — деді бірінші вице-министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Оның айтуынша, алғашқы уақытта құжаттар қайталап қана шығарылады.
— Қазіргі уақытта құжаттарды бірінші рет шығару барынша сезімтал мәселе. Дұрысында дәл сол адам аталған қызметті алатындығына сенімді болуымыз қажет. Өйткені, суретке түседі, қолтаңбасын қалдырады, — деді ол.
Ростислав Коняшкин цифрлық сервистерді енгізу кезең-кезеңмен жүретінін айтады.
— Біз процестің азаматтарға ыңғайлы, қауіпсіз екеніне және де шынымен де тиімді жұмыс істейтіндігіне көз жеткізіп, сенімді болуға тиіспіз, — деді бірінші вице-министр.
Ол елімізде жүргізуші куәлігін онлайн рәсімдеу жұмыс істеп тұрғанын, алдағы уақытта бұл қызметті толықтай цифрлық форматқа көшіру жоспарланғанын атап өтті. Бұл ретте Халыққа қызмет көрсету орталығына келіп те қызмет алуға мүмкіндік қала береді.
Бұған дейін Халыққа қызмет көрсету орталықтары Цифрлық кеңсеге айналатынын жазған едік.






