Қазақстанда алтынның заңсыз айналымы фактілері бойынша 2020 жылдан 2023 жылға дейін 7 қылмыстық іс тергелді, оның төртеуі сотқа жіберілді. Шығын 1,5 млрд теңгеден асты. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Андрей Лукин Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына осы мәселе бойынша сауал жолдады, деп хабарлады Қазақпарат.
Бас прокуратураның мәліметінше, кейінгі 4 жылда ішкі істер органдары бағалы металдардың заңсыз айналымы мен өндірілуі және ұрлануына қатысты 133 қылмыстық құқық бұзу дерегін тіркеген. Қазіргі кезде еліміздің аумағында 42 алтын өндіруші кәсіпорын бар. ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің ақпараты бойынша 2020-2023 жылдар аралығында алтынның заңсыз айналымы деректері бойынша 7 қылмыстық іс тергеліп, 4 іс сотқа жолданды. Шығын 1,5 млрд теңгеден асты», – деді Андрей Лукин.
Депутат Ақмолада облысындағы Бестөбеде заңсыз алтын іздеушілер тапқан алтын өнімдерін сатып алумен айналысатын қылмыстық топты жою туралы 2023 жылдың қараша айындағы істі мысалға келтірді. Осы алтыннан жасырын цехтарда жасалған бұйымдар белгілі брендтердің атауымен Астана мен Шымкент сауда үйлерінде сатылатыны анықталды. Тінту барысында 1 келіден астам алтын мен 100-ден астам түрлі заттар тәркіленді.
Сенатор мұндай заңсыздықпен күресу үшін алтын кеніштеріне бақылауды күшейту қажет екенін атап өтті.
«Есептеу кезінде заңды өндірілген әрбір үш тонна алтын шамамен заңсыз өндірілген бір тоннамен қатар жүретін болып шықты. Бұл көрсеткіш еліміздің ауқымында жылына шамамен заңсыз өндірілген 25 тонна алтын көлеміне тең. Бұл мәселені шешудегі негізгі шаралардың бірі – объектілерде бақылауды күшейту. Оның ішіне қосымша бейнебақылау камераларын орнату, шахта ұңғыларына талшықты-оптикалық желі байланысын салу, кіру алаңына бақылау жүйесін енгізу, тексеру кешенін пайдалану, қосымша қоршау орнату, адамдарды автоматты түрде анықтайтын құралдарды енгізу және басқа да қауіпсіздік шаралары кіреді», – деді сенатор.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<