Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Қызылорда қаласы тағы бір заманауи жаңа нысанмен толықты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мәслихат депутаттары мен зиялы қауым өкілдері, барлық ауданнан келген делегаттардың қатысуымен еліміздегі алғашқы «Құзыреттілік орталығы» ашылды.
Салтанатты шарада аймақ басшысы өңірдегі серпінді жобаларға тоқталып, жаңа орталық ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.
– Наурызнама бойынша бүгін – Жаңару күні. Айтулы мерекеде Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға арналған сәулетті, жаңа заманауи «Құзыреттілік орталығын» ел игілігіне табыстаудамыз. Қаламызға көрік беретін жаңа, әсем ғимаратымыз құтты болсын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қоғамның түрлі саласын білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Бұл – экономиканы дамыту және инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін қажетті бастама» деп атап өтті.
Өткен жылы Президент «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өңірлерде «Құзыреттілік орталығын» салуды тапсырған болатын. Елімізде баламасы жоқ, бірегей орталық республика бойынша алғашқы болып аймағымызда бой көтерді. Орталық бизнес, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына арналған ортақ алаң болады.

Жұмысшы мамандықтар мәртебесін көтеріп, қоғамда еңбек адамдарын танымал етуге, дәрежесін көтеруге, ең үздік қоғамдық және өндірістік дәстүрлерді анықтап мәртебелеуге, жастарды кәсіби еңбекке баулуға бағытталған орталық ел игілігіне қызмет ете берсін! Жұмысшы мамандықтарының бағалануы – елдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына оң әсер ететін маңызды қадам.
Аймағымызда білім беру саласына 2022-2025 жылдары 1 трлн 159 млрд теңге, биыл 302 млрд 196 млн теңге қаралды. 2022 жылдан бері 43 жаңа заманауи білім беру нысаны салынып, пайдалануға берілді.
Баршаңызды қаламызға таңғажайып көрік берген, заманауи сәулетімен ерекшеленетін «Құзыреттілік орталығы» ғимаратының салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын, – деді облыс әкімі.
Басқосуда білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұстаздар мен жаңа нысанның құрылысын мерзімінде аяқтаған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректоры Наурызбай Байқадамов сөз сөйлеп, тұрғындарға құттықтауын жеткізді.
Айта кету керек, екі қабатты, 1000 орындық жаңа ғимарат кезінде заңсыз сыртқа кеткен активтер есебінен қаржыландырылған.
Орталық студенттерді халықаралық кәсіби шеберлік жарыстарына даярлау, сарапшылық қауымдастықты дамыту, жұмысшы мамандықтарының танымалдығын, жастардың жұмысшы кәсібіне деген қызығушылығын арттыру жөніндегі бірыңғай жаттығу базасына айналады.
Өңірдегі жұмысшы құзыреттіліктері бойынша жастардың кәсіби дағдыларын қалыптастырып, педагогтердің, жас мамандардың озық технологиялармен жұмыс істеуіне, еңбек нарығында сұранысқа ие маман болып қалыптасуына мол мүмкіндік береді.
Жоғары талғаммен салынған зәулім ғимаратқа қызықпағандар кемде- кем.
– Шиелі ауданынан келген делегацияның мүшесімін. Аймағымыз, Қызылорда қаласы күн сайын жаңарып, жасанып жатқанын көріп қуанып отырамыз. Заманауи ғимараттар ажарын айшықтай түсуде. Бүгінгі мына ашылған орталық та өте әдемі, биік, жарық екен. Жаңа стильмен салынған нысан шынында көз қуантады. Жастарға, елімізге пайдасы мол осындай нысанның көп болғаны жақсы, – дейді білім саласының ардагері Нәйлә Палымбетова.
Жаңа заманауи ғимарат республикалық, халықаралық деңгейдегі форумдар, конференциялар, семинарлар мен көрмелер өткізуге де бейімделген.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»





