Еліміздегі ең алғашқы метеорология стансасы Қазалы ауданында құрылғанын біреу білсе, біреу білмес. Иә, ол өз тарихын 1848 жылы Қазалы қаласында бастаған еді. «Қазгидромет» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалы Қазалы метеостансасының бастығы Сәуле Оспанованың айтуынша, атмосфералық өзгерістерді бақылап отыратын алғашқы мекеменің жұмысында әр жылдары үзіліс болып тұрды. Тек 1881 жылдан бері тоқтаусыз қызмет көрсетіп келеді.
Тарихқа көз жүгіртсек, станса бастапқыда Форт I деп аталды. Кейін шамамен 1881 жылы Қазалы деп атала бастады. Ол II санат бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Третьяков жауын-шашын өлшеуіші 1953 жылы, ал ауыр тақтасы бар флюгер 1958 жылдың сәуірінде орнатылды.
– Алғашында Түркістан әскери округі әскери-топографиялық бөлімінің қарамағында болды және онда әскери қызметшілер қызмет көрсетті. Алайда метеоалаңның орналасқан жері туралы мәлімет сақталмаған. 1881 жылы станса қаланың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі 3 сыныптық қалалық училищенің ауласында болды. 1884 жылы қаланың солтүстік-батыс шетінде, Сырдария өзенінен солтүстікке қарай 340 метр жерде орналасты. Соңғы рет 1949 жылдың 21 мамырында қаланың оңтүстік шетіне ауыстырылды, – деді Сәуле Оспанова.
Ең көне метеобақылау стансасын әр жылдары Касаткин, Моисеев, Шабалин, Донсков, Гузикова басқарды. Елiмiз тәуелсiздiк алған соң тізгін Құттыбай Тарғынов және Қазихан Сердалиевтің қолында болды. Ал 2011 жылдан бері ұжымға Сәуле Оспанова жетекшілік етіп келеді.

– Өзім 1996 жылдан бері осы саладамын. Басшылық қызметке дейін агро-техник метеоролог, аға техник болдым. Метеостансаның қазіргі тыныс-тіршілігін бұрынғымен салыстыруға келмейді. Бұрын рация пайдалансақ, қазір оның орнын интернетке қосылған ұялы телефон мен компьютер ауыстырды. Бұл бізге мәліметті дәл уақытында жіберуге мүмкіндік береді. Ұжымда Алтынай Мұстафақызы, Эльмира Тарғынова, Сергей Паули, Мадияр Манасов, Ринат Тарғынов және Жүрсін Жұбаназаров секілді метеоролог, гидрологтар еңбек етеді. Метеорологтар жұмыс күні күндіз-түні ауа райының жай-күйін үш сағат сайын бақылап отырады. Орталыққа мәлімет жеткізеді. Стансаның негізгі қызметі – ауа температурасын, желдің бағыты мен жылдамдығын, жауын-шашын мөлшерін, тағы басқа табиғат құбылыстарын қаперде ұстау, – деді Қазалы метеостансасының бастығы.
Ауа райының әрбір сәтін қалт жібермейтін шағын әрі тарихи мекеме талай жетістігімен мақтана алады. Соның ішінде ең бастысы ретінде 2005 жылы үздік қызметі үшін Швейцарияның Женева қаласындағы Дүниежүзілік метеорология ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталғанын айтуға тиіспіз.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»






