Еліміздің 4 өңірінде тұрғын үй құрылысының қарқыны жоғары

346

0

Қаңтар-тамызда 10 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, 8 айда өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,1 пайызға өсті. Көрсеткіштің өсуі 15 өңірде тіркелді. Оның ішінде ең жоғарғы өсуді Алматы қаласы және Батыс Қазақстан, Қостанай, Абай облыстары көрсетті. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің – 28,1, оның ішінде автомобиль жасаудың – 42 және электр жабдықтарын жасаудың 34,3 пайызға өсуі қамтамасыз етілді.

«Сондай-ақ өсу келесі салаларда байқалып отыр: азық-түлік өндірісі – 4, химия өнеркәсібі – 3,1, металл бұйымдары – 6,4, сусындар өндірісі – 5,4, пластмасса бұйымдары – 7,5, жеңіл өнеркәсіп – 19,8. Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 4,3 пайызға жоғарылады. Бұл ретте мұнай өндіру – 6,6, газ өндіру – 3,2, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 13,6, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету 1,8 пайызға өсті. Металл кендерін өндіру – 1,2, көмір өндіру 5,5 пайызға төмендеді», – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 11,4 пайызға ұлғайды.

«18 өңірде оң өсу тіркелді. Әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Жетісу, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Абай облыстарында байқалды. Биыл қаңтар-тамызда 10 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға жоғары. Тұрғын үйді пайдалануға берудің ең жоғары көрсеткіштері Ұлытау және Абай облыстарында, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларында байқалды», – деді Азамат Әмрин.

Ол ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 0,3 пайызға ұлғайғанын атап өтті. Бұл ретте саладағы өндірістің өсуі 15 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсуді Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Абай облыстары көрсетті.

Осыған дейін ел экономикасының 8 айда 4,9 пайызға өскенін жаздық.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<