Елінің жігері, қоғамның тірегі

87

0

Төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей, мадақ пен мансап қумай, елінің жігері, қоғамның тірегі болып жүрген ардақты азамат, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы Бақберген Досманбетов.

Заңгер, академик Салық Зиманов өткен өміріне шолу жасай келе «Елу жаста өзімді тани бастадым, алпыс жаста ақылым кіре бастады, жетпіс жаста аспанмен тілдесе бастадым – бұл батырдың жасы емес, бидің жасы екен. Жетпіс жаста көңілім өзгерген жоқ, көйлегім өзгерді, ал сексен жаста дүнием өзгерген жоқ, күйім өзгерді, құлдық дедім, бірақ құл болмадым» деген екен. Қандай құдіретті ұстаным десеңізші?!

Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Бәкең де Сыр өңірінің ғана емес, еліміздің кемеңгер қайраткері, танымал тұлғасы атанды. Оған білімі мен біліктілігінің, ерен еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында алған асулары мен шыққан шыңы куә. Бұған қандай қызметте жүрсе де қарапайымдылығы, билік пен байлықты аңсамай, керісінше ел-халықтың қамын ойлауы жеткізсе керек.

Әлі есімде, 1971 жыл еді. С.Орджоникидзе атындағы Мәскеу басқару институтының құрылыс және қала шаруа­шылығы маман­ды­ғынан дәріс алған Бәкең Н.Гоголь атындағы (бүгінгі Қорқыт ата атындағы университет) педагогикалық институтта ұстаз­дық қызметін бастаған. Мен филология факуль­тетінің соңғы курсында оқитынмын. Сол жыл­дары инс­титуттың бастауыш комсомол ұйы­мы­ның хатшысы болған Бақберген ағай маған Бүкілодақтық Лениншіл комсомол жас­тар одағының «Құрмет грамотасын» табыс­таған. Міне, содан бері елу жылдан астам уақыт ұшқан құстай зымырап өте шықса да, Бәкеңмен сыйластықта келеміз. Содан болар, өнегелі де өркенді өмір жолы көз алдымда.

Ол Қармақшы ауданына қарасты Диірментөбе бекетінде өмір есігін ашқан. Бар-жоғы 10-15 отбасы ғана қоныс тепкен аядай бекет. Бала кезден теміржол бойында жүргіншілерге азық-түлік сатуды кәсіп еткен оның алдында терең білім алсам деген асыл арман тұрды. Өз кезегімен сол бір сәтті уақыт та келіп жетті.

Жоғарыда айтқандай, еңбек жолын Н.Го­голь атындағы педагогикалық институтта қа­тардағы ұстаздықтан бастаған Бәкең сай­лан­балы жолмен жоғары оқу орындарының басшы­лық құрамына баруға талпыныс жасай­ды. Жас та болса білімі мен біліктілігі арқасында өзгелерден оза шауып, институтқа алдымен проректор, бертін келе ректор болып сайланды.

Өздеріңізге мәлім, 1990 жылдар еліміз Тәуелсіздігін енді алған, дербес мемлекет саясатын ұстануға ұмтылған күрмеуі қиын кезең болатын. Бұл уақытта білім беру саласы да зор құрылымдық дағдарысқа түсті. Қаражат тапшылығы әсерінен жоғары оқу орындарын дамытпақ түгілі, шаңырағын шайқалтпаудың өзі қиын еді. Осынау қым-қуыт жылдары Бәкеңнің басшылығымен институт дамудың даңғыл жолына түсті. Сөз орайы келгенде айта кетейік, Сыр аймағында ғана емес, елімізде ең алғашқылардың бірі болып университеттік білім берудің негізін қалаған Бақберген Досманбетов.

1997 жылы ізденісімен, еңбегімен жоғары­дағылардың назарына іліккен Бәкең Қызылорда қаласы әкімі қызметіне тағайын­далды. Оған облысты экономикалық дағда­рыстан шығару мақсатында құрылған арнайы экономикалық аймақтың төрағасы қызметін атқару да қоса жүктелді. Қала әкімі қызметінде бар-жоғы үш жылға жуық болды. Осы кезде Бәкеңнің бас­шылығымен атқарылған шаруа шаш етектен десек, асыра айтқандығымыз болмас.

Қала әкімі қызметіне келісімен жоғары­дағылардың тапсырмасын орындауға ғана емес, өз ұсыныстарын іске асыруға да құлшына кірісті. Ең бастысы, қаланы абаттандыру мен таза ұстау, кезекте жылдап тұрған отбасыларды тұрғын үймен жеделдете қамтамасыз етуді басты назарына алды.

– Сол кезде облыс әкімі Бердібек Машбекұлы – Үкіметке Қызылорда қаласын арнайы эко­номикалық аймаққа айналдыруға күш салуымыз қажеттігін айтты. Бекеңнің қол­дауымен іс­сапармен АҚШ, Ресей елдеріне барып, көріп те келдік. Арнайы экономикалық аймақтың ашы­луында Бердібек Машбекұлының ұсынысы мен қолтаңбасы қолдау болды. Марқұм Бекеңнің осы бір ерен еңбегін ел-халық естен шығармауы керек, – деді ол.

Иә, уақыт өте келе Бақберген Досманбетов ҚР Парламенті Сенатының ІІ, ІІІ және ІV шақырылымдарының депутаты болып, он екі жыл бойы халық аманатын арқалады. Ол қатардағы сенатор ғана емес, Экономика, қаржы және бюджет комитеті хатшысы қызметін атқарды.

Аманат арқалау оңай емес. Ел сенім артқан соң Бәкең Сенаттың өкілетті жиындарында Сыр аймағының экономикалық және әлеуметтік толғақты мәселелерін үздіксіз көтеріп, оның жедел және әділетті шешілуіне барынша күш салды. Өте сауатты экономист-ғалым болған соң республикалық бюджеттің ұтымды жоспар­лануына барынша атсалысты. Сондай-ақ Сенаттың Еуропадағы Қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымының Қазақстан делега­ция­сының мүшесі болып сайланып, халықаралық парламенттік мінберлерде талай толымды ойлар мен ұтымды ұсыныс-пікірлерін боямасыз баян етті. Байқоңырдағы ғарыш айлағының қызметіне байланысты қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайы мен мектеп оқушыларының құқықтық мәселелерін әділдікпен шешу жөнінде де алғашқылардың бірі болып ұтымды ұсыныс жасағанын біреу білсе, біреу білмес. Үкіметке дәлелді сын айтудан тартынбай, оны жедел шешудің ұтымды ұсыныстарын да жеткізді. «…Еліміздің әл-ауқатын жақсарту үшін зиялы заңдар керек, шала туған заңдарға терапевтік емдеу қажет» деп залды дүр сілкіндіргені бар.

Досы Қуаныш Сұлтанов «…Заң шығарушы процестің өзі айрықша білімділікті талап етеді. Бәкең тәрізді сенатордың айтары да, ұсыныстары да жеткілікті. Басты ұстанымы – халықтың сұранысы, мемлекеттің, қоғамның мүддесі. Осындай ұжымға, оның шыңдала, нығая түсуіне біздің Бәкең де айрықша үлес қосып келе жатқан көрнекті сенатор. Бақберген Сәрсенұлы – мінезге бай, дархан көңіл, жомарт пейіл, білетіні мен сыры мол, сыйластыққа мұқият, тұлғалы азамат. Паңдық пен менмен­діктен аулақ, адамшылық пен қадірлестікке бейім. Қоғам осы біздің Бәкеңдей азаматтармен марқая түседі, сапасы мен санасы да өседі» деп баға берген.

Бір әңгіме үстінде Бәкең:

– Қала әкімі қызметінде жүргенімде «қашан білім саласына барады екенмін?» деген ой мазалаумен болды. Алла сәтін салып 1995 жылы, яғни осыдан тұп-тура отыз жыл бұрын «Болашақ» университетін аштым. Білім шыра­ғының мәңгілік өшпей­тінін ескеріп, бүгінгі жас ұрпақты еліміз­дің ертеңі үшін білім нәрімен сусындатуға бар күш-жігерімді жұмсаумен жүрмін. «Бола­шақ» университетінің өткен тарихы өздеріңізге мәлім болар, содан да бүгінгі «Болашақтың» ертеңгі болашағын айтайын.

Иә, «Болашақтың» құрылтай­шысының айтуы бойынша, бұл университет жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие беру үрдісін үнемі назарда ұстап келеді. Бүгінде мұнда алты мыңнан аса студент дәріс алуда. Медициналық және педагогикалық білім беретін екі колледж де бар. Биыл осындағы блоктан медициналық университет те ашылмақ екен. Бір құптарлығы, түлеп ұшқандардың басым бөлігі тұрақты жұмыспен қамтылуда.

Бүгінде 2017 жылдан бастап дарияның батыс беткейінде бой көтерген 15 қабатты кампус – алыстан көз тартатын қалашық. Оқу корпусы бүгінгі күн талабына сай барлық құрал-жабдықтармен қамтылған. Студенттер жатақханасы да жеткілікті. Қалашық аумағында студенттердің демалуы мен серуендеуіне барлық жағдай жасалған, яғни кинотеатр мен демалыс, ойын алаңдары бар.

Білім қалашығының шаңырағын шайқалт­пай ұстап отыру оңай шаруа емес. Бұл ретте ардақты да асыл азамат өз міндетін абыроймен атқарып келеді. «Мәңгілік мұрат-мақсатқа қызмет ету – мен үшін өтелмеген парыз. Осы парызымды өтеп, ел-халықтың ризашылығын алу – бақыт. Бұл болашақтың еншісінде» дейді Бәкең ағынан жарыла.

Ғалым 1994 жылы «Қазақстанның демо­графиялық және еңбек әлеуеттігін статис­тикалық тұрғыда бағалаудың әдіснамасы» та­қы­рыбында диссертациясын қорғап, эко­номика ғылымдарының докторы дәрежесін иеленді. Қызылордадағы педагогикалық институтты университет статусына жеткізді. Оқу орнының атауын өзгертіп, Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университет деп атады. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінде дәріс берді. ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Әлеуметтік ғылымдар, Ресей Жара­тылыстану академия­сы­ның академигі.

Тоғыз монография мен жүздеген оқу құралдары және ғылыми еңбектердің авторы. Нақтылай айтар болсақ, «Қазақстан халқының дамуы», «Қазақстан халқының статистикасы», «Бизнес пен маркетинг негіздері», «Қазақстандағы еңбек нарығы», «Аймақтың экономикасын басқару» ғылыми еңбектері мен «Сүйем сені, Сыр елі», «Өмірім – өрісім» атты деректі хикаяттары оқырман олжасына айналған.

Бақберген аға «Өмірім – өрісім» атты кітабында: «Достық – ұғым. Шын достық адамның болмысымен біте қайнасып кететін қасиет. Қызығына қуанады, қасіретіңді бөліседі, ұлы жолда иықтасып қатар жүреді, ортаңды толтырады. Сенімен мақтанады, сенімен мақталады» деген жүрек жазбасын келтірген. Оның кемеңгер жазушы Шыңғыс Айтматовпен бір емес, екі мәрте кездесіп, ашық-жарқын әңгімелесіп, ақ батасын алуы екі адамның бірінің басына бұйыра бермейтін бақ болар.

– Шыңғыс ағамен жетпісінші жылдары Брюссельде екінші мәрте кездескенім бар, – дейді Бәкең. – Әңгіме арасында Шәкеңе көкейімде көптен жүрген «Боранды бекет» атты кітабыңыздың желісін қайдан алдыңыз?» деген сауалымды қойдым. Шыңғыс аға бір жарым сағат бойы сөйлеп, маған «Боранды бекет» романының жалпы желісін егжей-тегжейлі айтып беріп, «Егер Диірментөбе сенің туған топырағың болса, «Боранды бекетті» де менің ауылым деп иемдене беруіңе болады» деген-ді. Есімі әлемге әйгілі ғұлама жазушымен кездесіп, ақ батасын алуым менің жүрегіме мәңгілікке естелік болып жазылып қалған, – деді.

Ол Құдай қосқан қосағы Зейнегүлмен 54 жыл бойы бұл өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татып, ұлдарын ұяға қондырды. Ата-аналарынан тәлімді тәрбие алған олардың бәрі дерлік жоғары білім алып, сан алуан салаларда жауапты қызметтер атқаруда. Бір өкініштісі, Зейнегүл жеңгеміз бұл өмірден мезгілсіз кетті. Десе де, кеуделерін қайта тіктеген отбасы мүшелерінің бүгінгі тыныс-тіршілігі қалпында. Бұл аяулы ананың балаларына беріп кеткен өнегесінің жемісі болар.

Иә, өмір сынағына шыдас берген Бақберген ағамыз бүгінде төңірегіне қызығушылықпен емес, ой тоқтатқан азамат көзімен қарайды. Жанып-сөнетін от секілді емес, жүрек жы­лылығын жай ғана себелеп жүретін бітім-болмысын айна-қатесіз сақтаумен жүр. Көл­денең іске килікпейді, ала жіпті аттамайды. Содан болар, адам баласын қадірлеудің, оларға қошемет көрсетіп, қамқор қолын созудың құмға сіңген судай із-түзсіз жоғалмайтындығын да толықтай түсінген.

Бүгінде сексен жастың сеңгеріне шықса да Бақберген аға бітім-болмысы мен кемеңгерлік келбетін қаз-қалпында сақтаған. Осылай жүре бергейсіз, ардақты аға.

Еркін ӘБІЛ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі