Еліміздің үздік полицейлері анықталады

352

0

Еліміздің үздік полицейлері анықталады Астанада «Өз кәсібінің үздігі» атты ішкі істер органдарының үздік қызметкерлерін анықтайтын республикалық байқау басталды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Іс-әрекет тиімділігін арттыру мақсатын көздеген аталған байқау осымен елімізде үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында аймақтық байқауда үздік деп танылған 17 жол-патруль қызметкері өзара бақ сынайды. «Қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ішкі істер органдары іс-әрекетінің маңызды бағыттарының бірі. Осы міндеттерді атқару жоль-патруль полициясы саптық бөліністерінің күштеріне жүктелген. «Өз кәсібінің үздігі» байқауы ҚР Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 9 маусымдағы №515 бұйрығын орындау үшін жыл сайын республикалық деңгейде өткізіледі. Жол-патруль қызметкерінің кәсібилігімен қатар, жылдамдығы, яғни шешімді заңға сәйкес әрі тез арада қабылдауы да басты назарда. Тағы бір мақсатымыз – аталған кәсіп иелерінің қоғам алдындағы беделін көтеру»,-деді Астана қалалық қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету басқарма бастығының орынбасары Еркін Мүслімов.   Байқау келесі сынақтардан тұрады: – Құқықтық-нормативтік актілер, жол жүру қағидасы, оқ ату және қызметтік дайындығы бойынша теорияны білу;  – Әкімшілік заңнаманы іс жүзінде қолдану;  – Дене шынықтыру даярлығы; – Табельдік және автоматтық қарудан атыс даярлығы; – Жауынгерлік күрес даярлығы; – Алғашқы медициналық жәрдем көрсету; – Саптық даярлық бойынша практикалық тапсырмаларды орындау; – Жоғары қозғалыстағы жол қиылысында қолмен реттеу біліктілігі; – 3 түрлі көлікте жол қозғалысын маневрлеу (жеңіл, жүк көлігі және мотоцикл).  Байқауға Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық облыс өкілдері қатысып жатыр. 4 күнге созылатын байқау 12 номинация бойынша бағаланады.