Елімізде алғаш рет жастардың жазғы білім лагері өз жұмысын бастады

338

0

Елімізде алғаш рет жастардың жазғы білім лагері өз жұмысын бастады Бүгін аталған лагерьдің бірінші ауысымы Ақмола облысының Зеренді ауданында салтанатты түрде ашылды. Шараға еліміздің Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев пен Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Нұргүл Мауберлинова арнайы келіп қатысты.
Бұл еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған білімді, дарынды, жаңашылдыққа жанықұмар, ең бастысы қоғам өміріне бей-жәй қарамайтын белсенді жастар. Олардың арасында тың идеяларымен танылған жас ғалымдар да бар. Өңірден келген жастардың да жетістіктері жетерлік.
Мағжан Ысқақов, қатысушы (Шымкент):
– Мысалы Шымкент қаласында өздеріңіз білесіздер, Қазақстанның төрттен бір бөлігін құрап жатыр жастары. Яғни 700-800 мыңға жуық жастар бар. Әрбір өңірде жастар ресурстық орталығы алғаш рет осы Шымкент облысында, яғни, қазіргі Түркістан облысында ашылды. Одан кейін әрбір оқу орнында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жазғы лагерьлер ұйымдастырып жатырмыз. Бұл көптеген өңірлерде жоқ.
Евгений Кочетов, «Қазконтент» АҚ басқарма төрағасы:
– Бұл балалар бекер жиналған жоқ. Олар өз жетістіктеріне қалай жеткенін, сол жолда қандай қиындықтар кездескенін замандастарына бүге-шүгесіне дейін айтып береді. Бұл екі тарапқа да өте тиімді кездесу.
Жастар білім лагерінің ашылу салтанатында қатысушылар шараның басты ұйымдастырушыларымен кездесіп, өз сауалдарын қоюға мүмкіндік алды. Жалпы тамыз айының соңына дейін созылатын лагерь жұмысы цифрландыру, рухани жаңғыру және кәсіпкерлікті дамыту бағыттары бойынша өтеді. Ал басты мақсат – ел жастарын бәсекеге қабілетті болуға үйрету.
Дархан Қалетаев, ҚР Қоғамдық даму министрі:
– Енді күтетініміз, белсенді жастардың жаңа формада, жаңа бағытта қандай ойлары бар, соларды бүгін естіп, соны ары қарай жүзеге асыру мақсатында жұмыс істеу. Халықаралық тәжірибеде мұндай лагерьлер көптеп кездеседі. Бізде бүгін бірінші рет өткізіп отырмыз. Менің ойымша, бұл бастамасы.
Жалпы бұл лагерьде 300-ден астам жасты қамту көзделген. Олар екі апта бойы жоғарыда аталған тақырыптар бойынша дәріс тыңдайды. Тіпті өз жобаларын да жариялауға мүмкіндіктері бар. Себебі оған қолдау білдіре алады деген тұлғалардың барлығы осы жерден табылады.
Дамир Берікұлы, damir1388@twitter.com:
– Жазғы лагерьде жастар танымал тұлғалармен кездесіп, тағылымды дәрістер тыңдап қана қоймайды. Зеренді мен Бурабайдың көркем жерлерін тамашалайды. Жоспар бойынша олар Абылайхан алаңына барып, тарихи орындарды аралайды деп күтілуде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<