Елордада Astana Media Week медиа апталығы басталды

395

0

Фото: ҚазАқпарат

20-22 қыркүйек күндері елордада Astana Media Week-2023 өтеді. Жетінші рет өтетін медиа апталықта Қазақстан мен шетелден келген медиа индустрияның жетекші сарапшылары жаңа тенденцияларды, өзгерістер мен этиканы талқылайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өз құттықтауында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Astana media week еліміздің ғана емес, жалпы медиа кеңістігінде маңызы зор дәстүрлі шараға айналғанын атап өтті.

«Бұл жиынға жыл сайын шетелдік беделді тұлғалар, беделді сарапшылар мен білікті медиа мамандары арнайы қатысуы осының айғағы деп білемін. Мемлекет бұқаралық ақпарат құралы саласындағы заңнаманы жетілдіруге ерекше көңіл бөліп отыр. Сонымен қатар, биыл мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асырудың негізгі бағдарын айқындайтын тұжырымдамалық құжат – ақпараттық доктрина қабылданды. Медиа саласы қоғамдық өмірдің барлық салаларына әсер ететіні белгілі. Салада үздіксіз трансформация мен цифрландыру, жаңа платформалар, коммуникация құралдары мен хабарламаларды беру әдістері жаңарытп отырады. Бұл БАҚ-ты жаңашылдыққа бейімдеуге, үнемі дамып, жаңғырып отыруға жетелейтіні анық», – деді Мәдениет және ақпарат министрі апталықтың ашылу салтанатына жіберген бейнеқұттықтауында.

А.Балаева Astana media week-тің отандық медиаиндустрияны дамытуға игі әсерін жоғары бағалады. Сонымен бірге, жылдам өзгеріп, қарқынды дамып келе жатқан ақпараттық әлемде дәстүрлі БАҚ-тың мәселелерін шетелдік сарапшылармен бірге талқылайтын бірегей алаңға айналғанын ерекше айтып өтті.

Медиа апталыққа ұлттық ведомстволар мен телеарналардың басшылары, Түркия, Корея, Əзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан жəне Ресейден арнайы шақырылған танымал журналистер мен продюсерлер қатысуда.

Astana Media Week-2023 аясында цифрлық сауат, деректерді қорғау, əлеуметтік желілердегі этика тақырыптары қаралады. Сарапшылар бұқаралық ақпарат құралдарындағы медиаөлшемдер мен жарнама тақырыбын, жалған ақпаратты таратуға жəне жарнамадағы манипуляцияларға қатысты мəселелерді талқылайды. Сондай-ақ, медиа жұмысын ұйымдастыру жолдары, жаңа медиа еркіндігіндегі тепе-теңдікті іздеу, ҚР медиа заңнамасында блогсфераны реттеу, ақпараттық кеңістіктегі этика мен жауапкершілік, жалған ақпаратқа қарсы тұру мәселелері қаралмақ.

Медиаапталық қатысушыларына жыл сайынғы контент-маркет көрмесі ұсынылады, онда əдеттегідей продакшн компаниялар мен телеарналардың өкілдері қатысады. Ашық жəне жабық питчингтер контент мейкерлерге жетекші БАҚ пен корпорациялардың басшыларына өздерінің жаңа өнімдерін ұсынуға мүмкіндік береді. Шараға алғаш рет тəуелсіз подкастар мен диджатал-контент авторлары қатысады.

AMW-2023 бірінші күні «Сыни тұрғыдан ойлау: неге біз енді көргенімізге, естігенімізге және оқығанымызға сенбейміз?» атты Media Talks конференциясымен аяқталады. Конференция барысында хайп, кликбейт жəне фейктер, цифрлық ортадағы журналистердің жаңа этикасы мен кəсіби мінез-құлқы талқыланады.

Медиаапталықтың екінші күні Юлия Юка Кравченконың «Альтернативная реальность» атты диджитал-көрмесі ашылады. Онда жасанды интеллектіні пайдаланып, Қазақстанның болашағына болжам жасалады. Сонымен қатар медиаорталықтың басты залында «Өңірлік БАҚ форумы» өз жұмысын бастайды, онда жергілікті БАҚ-тың өзара іс-қимылы жəне олардың жаһандық күн тəртібін қалыптастырудағы əлеуеті қаралады. Ал Mediaquiz интерактивті шарасы сала қызметкерлері үшін бейресми нетворкингке айналады, онда қатысушылар өз білімін, креативтілігі мен аналитикалық дағдыларын тексереді жəне ұйымдастырушылар сыйлығын жеңіп ала алады.

Апталықтың соңғы күні баспасөз хатшыларына арналған саладағы кадрлық әлеуетті арттыруға және дамытуға бағытталған семинарлар сериясы өтеді. Оған қоса, медиаапталық қорытындысы ретінде баспасөз, радио, интернет-журналистика саласындағы «Үркер-2023» ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау шарасы өтеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<