Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елордада тұрғын үй қасбетінде кірпіш қаптамасының құлауы салдарынан көз жұмған фельдшер Ұлдана Мырзуан ісін тергеуге қатысты пікір айтты.
– Бұл оқиғада құрылыс нормалары мен ережелеріне қатысты көп сұрақ бар, яғни құрылыс кезінде тиісті талаптар ескерілмеген деген күмән айтылып жатыр, – деді Ақмарал Әлназарова Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Осы орайда ол осы мәселе бойынша тергеу амалдары жалғасып жатқанын еске салды.
– Ол оқыған медициналық колледждегі дәрісханаға оның есімін беруді жоспарлап отырмыз, – деді ведомство басшысы.
Естеріңізге сала кетсек, 8 қарашада елордада тұрғын үй кешенінің қасбетіндегі кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысының бөлігі құлап, салдарынан 5 адам зардап шекті. Зардап шеккендердің бәрі № 1 көпсалалы ауруханаға жеткізілді.
18 қараша күні жарақат алған фельдшер Ұлдана Мырзуан көз жұмды.






