Келер жылы елорданың Шұбар шағынауданына газ желілері тартыла бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
«Сарыарқа және Алматы аудандарында үйлерді газға қосу мүмкіндігі толық қамтамасыз етілген. Яғни 10 тұрғын алабы мен 4 шағынауданға (Ақбидай, Қазақауыл, Нұр-Бесік, сондай-ақ Потанин көшесі ауданындағы шағынаудан) осындай мүмкіндік жасалды. Осы мақсатта қалада 680 шақырымнан астам газ тарату желісі салынды, кварталішілік желілер тартылды. Аталмыш аудандарда 6,5 мыңға жуық тұрғын өз үйлерін газға қосты. Бұл 60% астам.
Ал Байқоңыр және Есіл аудандарында газ құбырын салу жұмысы (2023 жылы кварталішілік желілер) жүріп жатыр. Биыл аудандық Тұран, Телман қазандықтарына, сол сияқты Ильинка (Үркер), Өндіріс, Телман, Пригородный елді мекендеріне және «Family Village» және «Garden Village» шағынаудандарына газ жеткізу желілерінің құрылысы басталды», – делінген әкімдік хабарламасында.
Ал Шұбар шағынауданына газ 2023 жылдан бастап тартылады. Биылғы жыл соңына дейін сараптаманың оң қорытындысын алу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Шағынауданда құрылыс-монтаждау жұмыстары келесі жылы басталады.
Айта кетейік, тұрғындарды газ тартуға ынталандыру және оларға көмек көрсету үшін бірқатар әлеуметтік шара қабылданған болатын. Атап айтқанда, үйлерді газға қосуға арналған құжаттар тізімі екі есе азайтылды, мұқтаж жандарға бөлінетін сома 2 еседен аса ұлғайтылды (430 мыңға дейін), тегін негізде газды есепке алу аспаптары (есептегіштер) беріледі, газдандыру үшін банктер арқылы бөліп төлеу және пайызсыз несиелеу бар.
Бүгінде қалада ЖЭО-1 және ЖЭО-2-де су жылыту қазандықтары толықтай газға ауыстырылды. Сондай-ақ әлеуметтік нысандарды газға қосу жұмысы жүргізіліп жатыр. 20 әлеуметтік нысанның (Алматы және Сарыарқа ауданы) 13-і газға ауыстырылды, қалған 7 нысан бойынша іске қосу-жөндеу жұмыстары атқарылуда. Бұрын олар автономды жылу көздері арқылы жылытылып келді, көмір немесе дизель отыны арқылы жылыту бірнеше есе қымбат. Осы объектілерді газға ауыстыру есебінен жалпы үнемдеу жылына 1 млрд теңгеден асады.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<