Ара шаруашылығымен айналысу оңтүстікте кенжелеу кәсіптің бірі. Бүгінде оның пайдасы мен тиімділігін білгендер бал арасын ұстауға, одан көл-көсір пайда келетінін білді. Соның бірі омарташы – Елшат Қалиев.
– Бал арасын өсіру оңай емес. Бұл жұмыс тиянақтылықты аса қажет етеді. Болашақ омартаның айналасында орман немесе ағаш шоғырларының, бау-бақшалардың болуы тиіс. Бұған Сырдың өңірінің жидесі, жыңғылы, жантағы гүлдегенде бал арасының белсенді әрекеті күшейеді. Сонда барып бала арасы сіздің үмітіңізді ақтайды.
Жалпы, мен 1992 жылдан бері омарташы болып келемін. Ұстазым – әкем. Тәжірибем жеткілікті. Жақында бал дүкенін ашсам деймін. Қазір омартада 100-ге жуық ұя бар. Көктем енді келді, енді қызу жұмыс басталады, – дейді Елшат Хамитұы.
Елшат Әбілхайыр хан көшесі, № 53 мекенжайында тұрады. Яғни қала тұрғыны. Омарташының айтуынша, бал арасы үлкен бизнеске жол бастар кәсіп. Әсіресе, жергілікті жердің өніміне сұраныс жоғары.
Айта кету керек, шырын балды ежелден тағам ретінде тұтынумен қатар, халықтық емдеу дәстүрінде де түрлі сырқаттарға жиі қолданған. Сол себепті де оны тек тағам ретінде ғана емес, түрлі емге пайдалануға болады. Ең бастысы, Қызылорданың таза табиғи өнімін пайдаланып, ем шараларын дұрыс жасай білсек екен.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<