Кеше аудан әкімі Айтбай Жандарбеков «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясының жұмысымен танысып, мекеме қызметкерлерімен кездесті. Кездесу барысында аудан басшысы медициналық қызмет көрсету сапасы, емдеу процесін жетілдіру және тұрғындарға қолжетімділікті арттыру мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, қызметкерлерге Конституциялық реформа жөнінде ақпарат беріліп, жаңа өзгерістер мен толықтырулардың негізгі бағыттары түсіндірілді.
Аудан әкімі Конституциялық реформаның басты мақсатын атап өтті: «Жаңа Конституцияның басты мәні – адам мен оның құқықтарын ең жоғары құндылық ретінде тану. Азаматтардың еркіндігі, ар-намысы мен қауіпсіздігі мемлекет назарында болуы тиіс. Бұл бағытта қоғам мен билік арасындағы жауапкершілік теңгерімі күшейіп, әділеттілік қағидаттары алдыңғы орынға шығады. Сонымен қатар, жаңа Конституция билік жүйесінің тиімділігін арттыруға, шешім қабылдау үдерістерін жетілдіруге және қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталған. Мемлекеттік институттар халық мүддесіне қызмет етуі керек деген ұстаным айқын көрініс табады» – деді.
«Болашақ» дәрігерлік амбулаториясы 1970 жылы салынған.Қазіргі уақытта амбулатория күрделі жөндеуден өткізілді, материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Кабинеттер санитарлық және техникалық талаптарға сәйкестендіріліп, жаңа медициналық аппараттар орнатылды, қабылдау аймақтары кеңейтілді. Жөндеу жұмыстарына 255 млн теңге қаржы бөлінген.
Аудан әкімі емдеу мекемесінің қызметкерлеріне атқарған жұмыстары үшін алғыс білдіріп, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі






