Енді иесі бар ит қапса қылмыстық жаза қолданылуы мүмкін – ІІМ

894

0

Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Елімізде үй жануарларын серуендету тәртібін бұзған 6 мыңнан астам адам жауапқа тартылды. Үй жануарларын серуендету мәселесіне қатысты толығырақ ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің қару айналымын бақылау және табиғатты қорғау полициясы басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Жармағамбетов айтып берді.

Бүгін Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.

«Біздің басты мақсат – адам қауіпсіздігін қамту. Бұралқы иттер мәселесіне келсек, оған жауапты құзырлы және жергілікті атқарушы органдар бар, дегенмен заң аясында ішкі істер органдары бірлесіп жұмыс істейміз. Оның ішінде үй жануарларына жауапкершілікпен қарау және оларды серуендету тәртібі бағытында. Үй жануарларын серуендету тәртібін бұзған 6 мыңнан астам адам жауапқа тартылды. Осы орайда құзырлы органдардың назарына егер иесі серуендеу тәртібін қайта бұзған жағдайда үй жануарын мүлік секілді алып қою мәселесін ұсынғымыз келеді. Мысалы, иесі қоғамдық орында үй жануарын тұмылдырықсыз серуендетіп жүреді, бұл қоғамдық орында адамдарға қауіп төндіруі мүмкін», – деді Әлішер Жармағамбетов дөңгелек үстел барысында.

Осылайша ІІМ өкілі үй жануарын серуендету тәртібін қайта-қайта бұзатын азаматтардан оны тәркілеуді ұсынып отыр. Одан әрі жануардың тағдырын құзырлы орган шешуі тиіс.

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселесіне қатысты, бізге қылмыстық жауапкершілік қарастыру жағы ұсынылды. Атап айтқанда, иесі бар ит біреуді қауып, денесіне залал келтірген жағдайда иесін қылмыстық жауапқа тарту туралы. Біз алдымен адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз тиіс», – дейді ол.

Айта кетсек, былтыр ел аумағында 247 мың қаңғыбас ит ауланды және оларды зарарсыздандыруға, вакциналауға және тіркеуге шамамен 20 млрд теңге қажет.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<