Мемлекеттік кірістер комитетінің жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова мүлікті сату кезінде жеке табыс салығын (ЖТС) төлеудің жаңа талаптары туралы түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін қазақстандықтар пәтерді 20 миллион теңгеге сатып алып, біраз уақыттан кейін 25 миллион теңгеге сатса, арадағы 5 миллион теңге мүліктік табыс болып есептелетін. Осы сомадан 10 пайыз жеке табыс салығы төленуі керек еді. Салық төлемеу үшін мүлікті сатып алғаннан кейін кемінде бір жыл күту қажет болған.
Жаңа Салық кодексіне сәйкес бұл мерзім екі жылға ұзартылды. Алайда бұл талап 2026 жылдан бастап сатып алынған мүлікке ғана қолданылады.
“Мысалы, егер сіз пәтерді 2025 жылдың желтоқсанында сатып алып, 2027 жылдың қаңтарында сатсаңыз (яғни бір жылдан асса), онда ескі Салық кодексінің нормалары қолданылады. Мерзім бір жыл болып есептеледі. Ал егер мүлікті 2026 жылдың қаңтарында сатып алсаңыз, онда мүліктік табысты есептеу үшін екі жылдық мерзім жүреді. Сондай-ақ, мүлікті сату кезінде құн өсімі 36 миллион теңгеден аспаса, 10 пайыз салық төленеді. Ал егер өсім осы сомадан жоғары болса, салық мөлшері 15 пайызды құрайды”, – деді Құсайынова






