Енді қазақстандық дәріханаларға дәрі-дәрмектерді таңбалау үшін компьютер қажет емес

205

0

Фото: pixabay.com

Қазақстанда дәріханаларға үлкен көмек беретін NS Pharm тегін мобильді қосымшасы әзірленді. Бұл қосымша таңбаланатын тауармен жұмыс істеуді жеңілдетеді әрі тіпті шалғай ауыл-аймақтардағы шағын дәріханалар үшін де қолжетімді. Фармацевтикалық бизнеске арналған бұл заманауи цифрлық шешім барлық заңнамалық талаптарға сай келеді. Жабдық шығындарды азайтып, күрделі IT әдістерді қолдау қажеттігін жояды.

«Енді телефон арқылы таңбаланған дәрі-дәрмектермен оңай жұмыс істей аламын. Телефоным Android, оған Ismet және NS Pharm қосымшаларын жүктеп алдым. Құжаттарды екі қосымшада да қабылдаймын. Күрделі ештеңесі жоқ. Енді таңбаланған дәрі-дәрмектермен жұмыс істеу үшін дербес компьютер қажет емес», – деп бөлісті Қызылорда облысы Арал ауданы Сексеуіл ауылының фармацевті және дәріхана меңгерушісі Динара Төлегенова.

Мобильді қосымша (Play Market, App Store) енді компанияны толық тіркеуді, соның ішінде офертаға қол қою мүмкіндігін қолдайды. Қосымшаның кейінгі жаңартылған түріне пайдаланушы телефон арқылы тіркеле алады. Сондай-ақ, сервисте есепке алу ыңғайлы болуы үшін тауарды айналымнан шығару туралы құжат жасауға болады.

«Біз интернеті жоқ, тек смартфон қолжетімді ауылдық округтердегі және шалғай елді мекендердегі дәріханалар үшін арнайы NS Pharm мобильді қосымшасын әзірлеп енгіздік. Оның көмегімен фармацевт тауарды қабылдап, құжаттарға тікелей жеке кабинетте қол қоя алады», – деп түсіндірді Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы жобасының жетекшісі Анар Карибаева.

Тағы бір айта кететін маңызды жайт, қосымшада тауардың сәйкестігі мен таңбалау кодын тексеру мүмкіндігі бар. Кодты сканерлеу арқылы оның алынған немесе алынбаған өнім екенін бірден білуге болады. Бұл әсіресе дәрілік заттардың есебін жүргізу дәлдігі үшін өте маңызды.

«Мобильді қосымша үнемі жетіліп отырады. Енді дәріханада компьютер болмаса да, тауарды қабылдауға және таңбаны тексеруге мүмкіндік бар. Бұл жұмысты жеңілдетеді және процесті қолжетімді етеді», – деп нақтылады Карибаева.

NS Pharm қосымшасы қазақстандық дәріханаларға тауарларды таңбалау мен қадағалау талаптарына оңай бейімделуге мүмкіндік береді. Тіркеуден бастап дәрі-дәрмектермен қосымша арқылы жұмыс істеудің барлық процесін мына жердегі видеолардан көріп үйренуге болады. Шифрлау саласындағы соңғы әзірлемелердің арқасында компаниялар мен пайдаланушылардың барлық дербес деректері қорғалады.

Еске сала кетейік, Қазақстанда дәрі-дәрмектерді таңбалау жүйесі енгізілген сәттен бастап төрт айда 66,2 миллион препараттың қаптамасына таңбалау кодтары жазылды. Оның ішінде 39,3 миллион қаптама импорттық препараттардың, 29,4 миллион отандық өндірістің үлесіне тиесілі. Қазір айналымда 28,5 миллион түрлі дәрі-дәрмек бар.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<